
Түркістан қаласында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға бағытталған жаңа форматтағы Smart Point цифрлық ХҚКО өз жұмысын бастады. Заманауи орталық азаматтардың мемлекеттік сервистермен өзара іс-қимылын барынша ыңғайлы, жылдам әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Салтанатты ашылу рәсіміне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысты.
Цифрлық ХҚКО мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға және цифрлық дағдыларды дамытуға арналған заманауи кеңістік. Smart Point концепциясы мемлекеттік қызметтерді алудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, яғни азаматтар тек қызмет алып қана қоймай, мемлекеттік цифрлық сервистерді өз бетінше пайдаланып, қажеттілігіне қарай мамандардан кеңес ала алады.
«Түркістандағы Smart Point орталығының ашылуы - жаңа форматтағы ХҚКО-ның іске қосылуы ғана емес, мемлекеттік қызметтерді өздігінен алу мәдениетін қалыптастыруға бағдарланған маңызды қадам. Бүгінде біздің мақсатымыз - азаматтарға сапалы қызмет көрсетумен қатар, мемлекеттік цифрлық мүмкіндіктерді сенімді пайдалануға көмектесу. Smart Point өңір тұрғындары үшін сұранысқа ие болатын алаңға айналады деп сенемін», - деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа көрсетілетін қызметтерді барынша жеңілдетуді және цифрландыруды тапсырып, атқарылған жұмыстарды бақылауында ұстап келеді. Бұл бағытта облысымыз жемісті еңбек етуде. Бүгінгі ашылып отырған заманауи кеңсе — соның нақты дәлелі. Облыс әкімдігі мен Мемлекеттік корпорация арасындағы тиімді ынтымақтастықтың нәтижесінде халық сұранысына сай келетін заманауи сервистік хаб құрылған», - деп атап өтті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.
Smart Point цифрлық ХҚКО бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Экспресс-аймақта азаматтар құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік немесе паспорт алуға өтінімді өздігінен рәсімдей алады, сондай-ақ арнайы ақпараттық экрандар арқылы AlemGPT сервисінің мүмкіндіктерімен танысады. Цифрлық аймақ мемлекеттік қызметтерді өздігінен алу және құжаттармен онлайн форматта жұмыс істеу үшін моноблоктармен және жоғары жылдамдықты сканерлермен жабдықталған. Сараптамалық аймақта келушілер күрделі мәселелер бойынша мамандардың кеңесін ала алады. Сонымен қатар цифрлық сауаттылықты арттыруға және жаңа электрондық сервистерді меңгеруге арналған оқыту және ақпараттандыру аймақтары қарастырылған. Ал жайлы демалыс аймағында келушілер үшін қолайлы жағдай жасалған.
Жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, өңір тұрғындары үшін заманауи сервистік инфрақұрылымды дамыту мен қолайлы цифрлық ортаны қалыптастыру жолындағы кезекті маңызды қадам болды.
Айта кетейік, Smart Point цифрлық ХҚКО форматын алғаш болып енгізген өңір – Ұлытау облысы. Орталық 2026 жылғы 4 маусымда ашылды.