
Инвестиция – қаламыздың тұрақты дамуы мен тұрғындар үшін жайлы ортаны қамтамасыз етудің кепілі.
Инвесторлармен 2025 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялық көрсеткіштер мен 2026 жылға арналған жоспарларды талқылау бойынша жиын өтті.
2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 47,6 млрд теңге болды, нақты көлем индексі 87,5%. 2026 жылға негізгі капиталға инвестициялар жоспары 27,6 млрд теңге көлемінде белгіленген.
Жиында біз қаламыз үшін маңызды бірнеше инвестициялық жобаларды қарадық. «Ұлытас-20» ЖШС жүзеге асырып жатқан Асфальт-бетон зауытына 2 млрд теңге инвестиция салынған, мемлекет тарапынан 5 гектар жер бөлінді. 398 мың АҚШ долларына ұсақтау кешені сатып алынды, жеткізу күтілуде, жобаны іске қосу 2026 жылғы сәуірде жоспарланған.
«Ulytau Dala» ЖШС жүзеге асырып жатқан Күн электрстанциясына 750 млн теңге инвестиция бөлінді.
«Ulytau Osetr» ЖШС бастамасымен рекреациялық акваөсіру және балық шаруашылығы жобасы қаралды, оған 28 гектар жер учаскесінің схемасы ұсынылды.
Инвестициялық мәртебе алу үшін құжаттар өңірлік үйлестіру кеңесіне шығарылды, әрі инвестициялық преференциялар – заттай грант пен жер учаскесін алу үшін құжаттар топтамасын толықтыру жоспарлануда.
Жиын қорытындысы бойынша 2026 жылға инвестиция жоспарын қайта қарауды, инвестиция көлемін ұлғайтуды және жаңа жобаларды тарту арқылы қаламыздың экономикалық тартымдылығын арттыру міндеттелді.