
Тағылым мен татулықты ту еткен бұл шараның басты мақсаты – ұлттар арасындағы достықты нығайту, бірлік пен келісімді дәріптеу, сондай-ақ аға буын өнерпаздардың өнегелі жолын жас ұрпаққа насихаттау болды.
Кездесу Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлештің, Сәтбаев қаласының Достық үйінің басшысы Оксана Жуктың және “Любавушка” орыс халқы этно-орталығының жетекшісі Инна Масунованың құттықтау сөздерімен басталды. Олар өз сөздерінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөліне тоқталып, еліміздегі этносаралық татулық пен тұрақтылықтың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, мәдени шаралардың халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттырудағы ерекше орнын тілге тиек етті.
Кеш барысында қатысушылар Ассамблеяның 30 жыл ішінде атқарған жұмыстары жайлы естеліктерімен бөлісіп, ел бірлігін нығайту жолындағы игі бастамаларға тоқталды. Қаламыздағы этно-мәдени бірлестіктер өкілдері өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық дәстүрлерін дәріптеді.
Шараның шырайын кіргізген – “Самоцветы” халықтық ардагерлер хоры болды. Хор ұжымы халық әндерін әсерлі орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, достық пен бейбітшілікті жырлаған әндер көпшіліктің көңілінен шығып, ерекше әсер сыйлады.
Кездесу кеші жылы атмосферада өтіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен рухани әсер сыйлады. Осындай игі шаралар ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті одан әрі бекемдей түсетіні сөзсіз.