Тауардың цифрлы төлқұжаты: ЖИ Тауарлардың ұлттық каталогының ауқымын кеңейтті

Тауардың цифрлы төлқұжаты: ЖИ Тауарлардың ұлттық каталогының ауқымын кеңейтті

Мемлекет басшысының экономиканы цифрландыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде ҚР Қаржы миинистрлігінің Электрондық қаржы орталығы (Digital Qarjy) Тауарлардың ұлттық каталогының (ТҰК) ауқымды жаңғыртуын жүргізді. Аталған жоба Қазақстандағы тауар айналымы мониторингінің ашық жүйесін қалыптастырудың негізгі элементіне айналды.

Бүгінде басты нәтижелердің бірі – ТҰК-дағы деректер базасы он есе ұлғайды (номенклатуралық позиция 1,3 млн-нан 15 млн-ға дейін артты). Енді нарықтағы айналымда жүрген әр өнімге бірегей 13 таңбалы идентификаторы бар цифрлы төлқұжат беріледі:

NTIN – тауарларды сату үшін, ал KZTIN – мемлекеттік сатып алуға арналған код.

Ұлттық каталогтың бірыңғай экожүйесін құру кеден органдары, салық қызметі және мемлекеттік сатыпалым жүйесі арасындағы тарихи бытыраңқы деректерді жоюға мүмкіндік берді. Бірыңғай жіктеу тауардың қозғалысын бақылауды қамтамасыз етеді – өнімнің өндірілу немесе импорт процесінен бастап түпкілікті сатып алушының фискалды чегіне дейін, есепке алу кемшіліктері мен сипаттамалардың өзгеруіне жол бермейді.

Жаңартылған каталогтың басты артықшылығы – жасанды интеллектінің негізіндегі каскадты модельдің енгізілуі. Машиналық оқыту алгоритмдері «цифрлы санитар» функциясын орындап, деректерді автоматты түрде тексереді, сондай-ақ қате және қайталанатын жазбалардан тазартып отырады. Интеллектуалды классификацияның арқасында тауарларды халықаралық стандарттармен (Тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің жалпы жіктеуіші, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы және басқа анықтамалықтармен) сәйкестендіру бірнеше минутта ғана жүзеге асады, ал өнімді анықтаудың дәлдігі 80%-дан жоғары.

ТҰК Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен (Электрондық шот-фактуралар (ЭШФ) мен Мемлекеттік сатып алу порталын қоса алғанда) интеграциялау бизнес пен мемлекетке пайдалы. Мәселен, кәсіпкерлер бюрократиялық жүктемеден арылып, экспорт-импорт операцияларын жедел жүргізу мен процестердің болжамдылығын арттыра алады.

Өз кезегінде құзырлы органдар контрафактілік өнімдерге қарсы бағытталған тиімді жұмысты жолға қойып, нақты уақыт режімінде тауардың бағасына мониторинг жасау мен экономиканың ашықтығын нығайта түседі.

Осы жобаға нарықты біртіндеп, кезең-кезеңімен бейімдеу үшін Қаржы мен Сауда және интеграция министрліктері, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат бойынша Тауарлардың ұлттық каталогының талаптарын біртіндеп енгізу қарастырылған.

Биыл 1 қаңтардан бастап NTIN/XTIN кодтары электрондық шот-фактураларды, ілеспе жүкқұжаттарды, сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың бірыңғай порталында құжаттарды (жүкқұжаттар мен қабылдау-тапсыру актілері) рәсімдеу кезінде қолдану міндетті. Тың жүйеге қалыпты түрде өту үшін уақытша XTIN кодтарын беру тетігі қарастырылған. Бұл амал сауда операцияларын тоқтатуға жол бермейді.

Жаңартылған ұлттық каталог – бағаны бұрмалауды, тауарлардың сипаттамаларын ауыстыру мен есеп жүргізудегі кемшіліктерді тежеп, Қазақстанның цифрлы әрі ашық экономикасының іргетасын қалауға септеседі.