Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің қатысуымен мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйретуге арналған AI-Qyzmet оқыту бағдарламасының ашылуы өтті.
Бағдарлама мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс процестеріне жасанды интеллект құралдарын енгізуге және оның мүмкіндіктерін қолдануға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жасанды интеллект саласындағы біліктілігін арттыру қажет екеніне назар аударып, бес жыл ішінде бір миллион адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету міндетіне ерекше көңіл бөлу және оқушыларға, студенттерге, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерге арналған бағдарламаға барынша қолдау көрсету қажеттілігін атап көрсеткен болатын.
«Президент жасанды интеллект технологияларын және ауқымды мәліметтер қорын – Big Data-ны тиімді пайдалану, заманауи цифрлық технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнату жолдарын жақсарту қажеттілігін алға қойды. Агенттік мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттерін арттыру бойынша тиісті шаралар қабылдауда. Өткізіліп жатқан оқытулар мемлекеттік аппарат қызметінде жаңа технологияларды тиімді қолдануға мүмкіндік береді», - деді Дархан Жазықбай.
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның өңірлік филиалдарында өтетін оқыту бағдарламасы аясында тыңдаушылар цифрлық сауаттылықты арттырады. Жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану арқылы деректерді талдау және әкімшілік процестерді автоматтандыру, сондай-ақ шешімдер қабылдау мен өнімділікті арттыру бағытында білімдерін жетілдіреді.
Оқыту мемлекеттік қызметшінің күнделікті қызметіндегі жоспарлау, ақпаратты өңдеу, презентациялар жасау сынды жұмыстарда жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану дағдыларын қамтиды. Курста заманауи тілдік модельдермен жұмыс істеудің әмбебап қағидалары ұсынылады, бұл түрлі жасанды интеллект жүйелеріне оңай бейімделуге көмектеседі.
Сондай-ақ оқыту Snack Learning форматы бойынша видеодәрістер түрінде де өтеді. Мұндай формат мемлекеттік қызметшілердің жұмыс кестесіне оңай бейімделіп, оқу процесін икемді етеді. Бағдарлама аясында осы жылы оқытумен шамамен 30 мың мемлекеттік қызметшіні қамту жоспарланып отыр.