700-ге жуық қазақстандық бір айда ХҚКО-ларда цифрлық сауаттылықты үйренді

700-ге жуық қазақстандық бір айда ХҚКО-ларда цифрлық сауаттылықты үйренді

Наурыз айынан бастап ХҚКО-ларда цифрлық сауаттылық бойынша оқыту курстары Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді болды. Бір айдың ішінде шамамен 700 қазақстандық оқудан өтіп, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуды меңгерген. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады.

Жоба алғашында Астанада пилоттық форматта іске қосылған. Сұраныс жоғары болғандықтан, наурыз айынан бастап ол еліміздің барлық өңіріне кеңейтілді.

Сабақтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтеді. Оқыту барысында азаматтар цифрлық сервистерді еркін пайдалану мен мемлекеттік қызметтерді өз бетінше онлайн алу дағдыларын меңгереді.

Практикалық оқыту барысында қатысушылар электрондық цифрлық қолтаңба алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, соттылығы бар-жоғы туралы анықтама алу сияқты қызметтерді қалай рәсімдеу керектігін үйреніп, оларды бірден өз беттерінше жасап көреді. Мұндай формат әсіресе ересектер мен зейнет жасындағы адамдар үшін қолайлы - олар цифрлық қызметтерді асықпай, түсінікті түрде меңгере алады.

Астанада сабақтар тұрақты түрде сәрсенбі және жұма күндері өтеді, ал өңірлерде кесте ХҚКО жүктемесіне қарай жасалады. Оқыту тегін, алдын ала жазылу талап етілмейді.

«Бүгінде мемлекеттік қызметтерді ХҚКО арқылы да, түрлі цифрлық сервистер арқылы онлайн форматта да алуға болады. Бұл мүмкіндіктер азаматтар үшін шынымен қолайлы болуы үшін цифрлық дағдыларды дамыту және пайдаланушыларды оқыту маңызды. Бұл өз кезегінде әр азаматқа қажетті қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік береді», – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Жоба Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді ету және қазақстандықтардың онлайн форматқа сенімді көшуіне көмектесу.

Оқыту «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «Таным» корпоративтік оқу орталығы тарапынан ұйымдастырылған. Сабақтар 4 ақпан мен 30 маусым аралығында өтеді және барлық қатысушылар үшін тегін.

 

Анықтама үшін:


Цифрлық сауаттылық бойынша сабақтар келесі мекенжайлардағы ХҚКО-ларда өтеді:

 

  • Астана қ., Нұра ауданы — Керей және Жәнібек хандар көшесі, 4
  • Алматы қ., Бостандық ауданы — Марков көшесі, 44
  • Шымкент қ. — Бәйтереков көшесі, 89
  • Ақмола облысы, Көкшетау қ. — Есенберлин көшесі, 18/2
  • Алматы облысы, Есік қ. — Абай көшесі, 314а
  • Ақтөбе облысы, Ақтөбе қ. — Сәңкібай батыр көшесі, 249
  • Атырау облысы, Атырау қ. — Әбілқайыр хан даңғылы, 66 (1-корпус)
  • Жамбыл облысы, Тараз қ. — Ұлы дала ықшамауданы, 137
  • Батыс Қазақстан облысы, Орал қ. — Исатай-Махамбет көшесі, 84
  • Қарағанды облысы, Қарағанды қ. — Архитектурная көшесі, 8
  • Қостанай облысы, Қостанай қ. — Тәуелсіздік көшесі, 114
  • Қызылорда облысы, Қызылорда қ. — Ғ. Мұратбаев көшесі, 2Е
  • Маңғыстау облысы, Ақтау қ. — 15-шағынаудан, 676
  • Павлодар облысы, Павлодар қ. — Дюсенов көшесі, 80 (№2 бөлім)
  • Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қ. — М. Әуезов көшесі, 157
  • Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қ. — Белинский көшесі, 37а
  • Түркістан облысы, Түркістан қ. — 160 квартал ықшамауданы, 236, 1-құрылыс
  • Абай облысы, Семей қ. — Б. Момышұлы көшесі, 22 (№2 бөлім)
  • Улытау облысы, Жезқазған қ. — Абай көшесі, 140 (№2 бөлім)
  • Жетісу облысы, Талдықорған қ. — Назарбаев көшесі, 67Б