
Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Алмаз Серікболұлы Ыдырысов пен Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Қабденұлы Шыңғысовтың бірлескен төрағалығымен Ұлытау облысының 2026–2029 жылдарға арналған тұрғынжайын реновациялау бағдарламасының жобасын қарастыру бойынша алғашқы жұмыс жиыны өтті.
Жиынға облыстық прокуратура органдарының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің, «AMANAT» партиясының өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, құрылыс басқармасының қызметкерлері, «ҰЛЫТАУ» ӘКК АҚ өкілдері қатысты.
Аталған бастама өңірдегі апатты және тозығы жеткен үйлер мәселесін кешенді түрде шешуге, қалалық ортаны жаңартуға және тұрғындарды қауіпсіз әрі қолайлы баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 63 апатты (бұзуға жататын) және 457 тозығы жеткен тұрғын үйлер тіркелген. Бұл мәселе Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалалары үшін өте өзекті болып табылады.
Бағдарламаның негізгі мақсаты - осы өңірлердегі апатты және тозығы жеткен нысандардың санын 520-дан нөлге дейін қысқартып, тұрғынжайды толықтай жаңарту.
Қазіргі уақытта бағдарлама жобасына мемлекеттік органдардан ұсынылған ұсыныстар қарастырылып, енгізілуде.
Бұдан кейін, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында бекітуге ұсынылатын болады.