
Өз қызметінде «Ұлытау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесі коммуналдық меншік объектілерін салуды және реконструкциялауды, сәулет және қала құрылысын дамытуды жүзеге асырады.
Басқарманың жұмыс барысында орындалуы тиіс екі басты мақсатты индикатор бар, олар:
- пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі;
- орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі.
Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында жоғары нәтижелерге қол жеткізілді.
Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының көлемінің көрсеткіші бойынша республика төңірегінде бірінші орынды иелендік.
4 ай қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 69,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9 есеге өсті (372%).
Көрсеткіштің бірнеше есеге жоғары орындалуы облысымызда темір жолдар, «ҚР Катар резиденциясы» құрылыстарын салу, автомобиль жолдарын реконструкциялау және кеніштердегі тау-кен-күрделі жұмыстарын жүргізу есебінен жүзеге асырылып отыр.
Ағымдағы жылдың соңында құрылыс жұмыстарының көлемін 219 млрд теңгеге дейін жеткізу және нақты көлем индексін (НКИ) 10 %-дан жоғары орындау жоспарда.
Тұрғын үйді іске қосу көлеміне тоқталсақ, ағымдағы жылы облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 111,4 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр.
4 ай қорытындысы бойынша 18,8 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі (ИФО) 8,7% жоғары орындалды.
Көрсеткіштің өсімі мемлекеттік бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар есебінен тұрғын-үй құрылысының қарқын алуымен байланысты. Нәтижесінде облысымызда экономикалық белсенділік сақталып, жаңа жұмыс орындары құрылуда.