Қаражал қаласында «Қызғалдақ көктем – 2025» қалалық фестивалі өз жалауын көтерді. Фестивальге қала мекемелерінен, кәсіпорындардан және кәсіпкерлерден құралған 6 команда қатысып отыр. «Қызғалдақ көктем – 2025» фестивалінің алғашқы кезеңі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Осы айтулы дата қарсаңында Ұлы Жеңіске арналған әндер, соғыс жылдарындағы әндер мен патриоттық әндерді дәріптеу — тарихи жадымызды жаңғыртуда, жас ұрпаққа рухани тәрбие беруде аса маңызды. Бұл әндер — Отанға деген сүйіспеншілікті, ерлік пен елжандылықты ұрпақ санасына сіңірудің қуатты құралы. Олар ұлттың тарихи санасын қалыптастырады, бірлікті нығайтады. Ән арқылы өткеннің ерлік жолы бүгінгі буынға жеткізіледі.