ҚР жаңа Салық кодексі ҚР резиденттері үшін
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінен
жеке табыс салығын ұстауды жояды
БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар
Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен берілетін зейнетақы төлемдеріне салық салынбайды, ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін төлемдерге салық салынады. Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері төлем көзінен 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы (ЖТС) салынатын кіріске жатады. Яғни, зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына салық салынғанға дейін аударылады. Ал ЖТС төлемдер жасалған кезде ұсталады. ЖТС міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен жиынтық түрде ұсталады. Бұл ретте түзету және салық шегерімдерінің сомалары ескеріледі.
Алайда, бұл норма тек 2025 жылдың соңына дейін күшінде болады. Естеріңізге сала кетейік, жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және оған сәйкес БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінен ЖТС ұсталмайды.
ҚР жаңа Салық кодексіне сәйкес, алушы Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын жағдайларды қоспағанда, 01.01.2026ж. бастап жеке табыс салығы (ЖТС) зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен, сондай-ақ тұрғын үйге және/немесе емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінен (БЗТ) ұсталмайды. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үйге/емделуге БЗТ алып, одан ЖТС төлеу міндеттемесін кесте бойынша зейнетақы төлемдерін алғанға дейін кейінге қалдырғандар, ол міндеттемеден босатылады.
Жаңа Салық кодексінің ережелерінде бұрын ұсталған ЖТС-ты қайтару көзделмеген.
Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес тұрғын үйге/емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану кезінде ЖТС ұстау көзделген. Бұл ретте алушының таңдауына ЖТС ұстап қалудың екі жолы ұсынылады: БЗТ алған кезде бірден немесе зейнеткерлікке шыққанға дейін кейінге қалдыру. 01.01.2026 ж. бастап жаңа Салық кодексінің енгізілуіне байланысты салымшы ЖТС-ты бұған дейін төлеп қойған болса, ол қайтарылмайды. Ал кейінге қалдырылған ЖТС бойынша міндеттемелердің күші жойылады.
Айта кетейік, 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінен және біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС есептеу, ұстап қалу және төлеу қолданыстағы режимде жүзеге асырылатын болады.
Жаңа Салық кодексінің ережелері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне БЖЗҚ-дан жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдерін қоспағанда, БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері, біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі кірістерді жеке табыс салығынан босатуды көздейді.
Өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз пайдасына жасалған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салық шегерімдерін жоюды қамтиды. Алайда, БЖЗҚ-дан берілетін төлемдердің басқа түрлері сияқты ЕЗЖ есебінен жасалатын төлемдер де ЖТС-тан босатылады.
Бұл ретте салық агентінің БЖЗҚ-ға қызметкердің пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары жеке тұлғаның табысы болып саналмайтындықтан, оған ЖТС салынбайды, ал жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерілуге жатады деген норма сақталады. Яғни, бұл жағдайда қызметкер де, жұмыс беруші де салық жеңілдіктерін алады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).