Жаңаарқа ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқын түрде жалғасуда
Жаңаарқа ауданында бой көтеріп жатқан заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Аталған нысанды 2025 жылдың шілде айында толық аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр.
Аудан басшысы құрылыс алаңында болып, нысанды тұрғызу жұмыстарымен танысты. Жұмыстардың сапасын және белгіленген мерзімде орындалуын ерекше бақылауға алған әкім мердігер ұйым – «Балқаш–Жібек жолы» ЖШС өкілдерімен кездесіп, жобаның стратегиялық маңызына тоқталып өтті. Қанат Қожықаев нысанның сапалы әрі уақытында аяқталуының маңыздылығын атап өтіп, барлық жұмысты жіті бақылауда ұстау қажеттігін қадап айтты.
Кешеннің құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Алғашқы жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес оның құны 947 млн теңгені құраса, 2024 жылы енгізілген өзгерістер нәтижесінде жалпы құны 299 млн 300 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жалғасып жатыр. Нысан заманауи талаптарға толық сай болмақ. Жоба аяқталған соң тұрғындарға сапалы спорт инфрақұрылымы ұсынылып, аудан халқының салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік туады деп күтілуде.