Жезқазған қаласы әкімінің тыл ардагерлеріне арналған мерекелік дастарханы өтті

Жезқазған қаласы әкімінің тыл ардагерлеріне арналған мерекелік дастарханы өтті

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Жезқазған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен тыл ардагерлеріне арналған салтанатты қабылдау өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – Отан үшін от кешкен, тылда аянбай еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсету, ұрпақтың алғысы мен ілтипатын білдіру болды. Ардагерлерді салтанатты түрде қарсы алып, гүл шоқтарын табысталды.

Іс-шара барысында Ұлы Жеңіс пен тылдағы еңбекке арналған поэтикалық қойылым ұсынылып, сол бір қиын жылдардың рухын жаңғыртты.

Салтанатты кештің басты бөлігі – тыл ардагерлерін Мемлекет Басшысының Жарлығымен тағайындалған «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттау болды. Қала әкімі Қайрат Шайжанов 70-тен аса ардагерге салтанатты түрде мемлекеттік наградаларды табыстап, олардың елге сіңірген еңбегі үшін алғысын білдірді.

Кеш барысында патриоттық әндер шырқалып, «Жас қазақ» және «Катюша» әндерін кәсіби орындаушылар әсем дауысымен орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бұл іс-шара – Жезқазған жұртшылығының бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге деген шынайы алғысының, рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі болды.