Әлеуметтік қолдау шараларын цифрлық форматта көрсету жобасы Ұлытау облысында іске асырылады
Ұлытау облысы халыққа әлеуметтік қолдау көрсету шараларын енгізуге арналған жоба жүзеге асырылатын өңірлердің қатарына енді, деп хабарлайды «24KZ». Бұған дейін бұл цифрлық шешім пилоттық режимде Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында іске қосылған болатын. Енді аталған жобаны еліміз бойынша кеңінен енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірге жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
Министрліктің бастамасымен енгізілетін бұл техникалық шешім – әлеуметтік саладағы барлық субъектілерге арналған бірыңғай цифрлық платформаны құруға бағытталған. Бұл өз кезегінде халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының қолжетімділігі мен ашықтығын арттырады.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Әлеуметтік саладағы барлық субъектілер үшін бірыңғай цифрлық платформаны құру – мемлекеттік органдардың барлық бизнес-процестерін толық цифрландыру деген сөз. Бұл азаматтарға кедергісіз қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Яғни, адам өзінің көмекке мұқтаж екенін дәлелдеп, түрлі мекемелерге бармауы керек. Бұл қызметтер мұқтаждық критерийлеріне сүйене отырып автоматты түрде қолжетімді болуы тиіс.
Министр сондай-ақ, Инновациялық жобалар навигаторы атты техникалық шешімнің артықшылықтарына да тоқталды.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Инновациялық жобалар навигаторы – жобаның тиімділігін онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін құрал. Жобаның құны, оған тартылған еңбек ресурстарының саны, сол жоба аясында құрылған жұмыс орындары, еңбекақы қоры, зейнетақы жарналарының аударылуы мен әлеуметтік кепілдіктердің қамтамасыз етілуі туралы ақпарат қолжетімді болады.
Министрдің жұмыс сапары барысында тағы бір өзекті мәселе — халықты жұмыспен қамту тақырыбы қозғалды. Әсіресе, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құру қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Бұл бағытта облыста белгілі бір жұмыстар атқарылып жатыр.
Күрмет Сәттібаев, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– Ауыл халқын жұмыспен қамту бойынша мониторинг жүргізіп келеміз. Сонымен қатар, қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл бағдарлама арқылы шаруа қожалықтары мен фермерлер субсидия алып, өз ісін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алады.
Жалпы облыс бойынша шамамен 2 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Алайда қолда бар бос жұмыс орындары еңбекке орналасушылардың көпшілігін жалақы мөлшеріне байланысты қанағаттандырмайды. Соның салдарынан өңірде еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныс арасында айтарлықтай теңсіздік қалыптасқан. Қазіргі таңда 4 мыңнан астам жұмыс орны бос тұр.