Сауда тәртібін бұзғандарға жаза күшейді: Ұлытауда азық-түлік бағасы бақылауда
Ұлытау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар маңызды шаралар қолға алынуда. Осы саладағы заң бұзушылықтар мен бағалардың көтерілуіне байланысты жұмыстар атқарылып жатыр.
Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде сауда үстемесінің шекті мәні 15%-ды асыру фактілері жиі анықталды.
2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Сауда қызметін реттеу заңын бұзған 148 кәсіпкер анықталса, ал 2025 жылдың жартыжылдығында бұл көрсеткіш 162 кәсіпкерге жетті. Атап айтқанда:
ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша 2024 жылы 138 кәсіпкерге 295 360 теңге көлемінде айыппұл салынды. 2025 жылы бұл сан 139 кәсіпкерге 1 631 780 теңге айыппұл салынған.
Кодекстің 193-бабы 4-бөлігіне сәйкес 2024 жылы 8 кәсіпкерге 96 000 теңге айыппұл салынды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 21 кәсіпкерге 196 600 теңгені құрады.
Кодекстің 204-бабы 2-бөлігіне сәйкес 2024 жылы 2 сауда базары ескерту алды, ал 2025 жылы тағы 2 базарға айыппұл салынды, көлемі 98 300 теңге.
Ұлытау облысы әкімдігінің қаулысы бойынша 2025 жылғы маусымда 4 кәсіпкерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, 786 400 теңге айыппұл салынды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы еліміз бойынша қымбаттауда, оның ішінде ет пен көкөністердің бағасы Ұлытау облысында да көтерілгені байқалады. Осыған байланысты облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру арқылы бағаны тұрақтандыруды көздейді. Жәрмеңкелерде шаруа қожалықтарының ет, сүт және басқа да өнімдерімен қатар, картоп, пияз, сәбіз секілді көкөністер де апта сайын саудаланады.