Ұлытау облысында Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбектің төрағалығымен тауарлық газдың ішкі нарықтағы бағасына қатысты түсіндіру жиналысы өтті.
Іс-шара барысында газдың көтерме бағасының өзгеру себептері мен заңнамалық, экономикалық негіздемелері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, орта және ұзақ мерзімді перспективада бұл өзгерістердің халық пен кәсіпкерлік субъектілеріне әсері кеңінен талқыланды.
Жиынға орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, табиғи монополиялар субъектілері мен әлеуметтік мекемелердің басшылары қатысты.
«Газ саласындағы баға саясаты – тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар мәселе. Сондықтан халыққа әр өзгеріс бойынша нақты әрі ашық түсіндіру жүргізілуі тиіс. Бұл — біздің басты міндетіміз», — деді Құдайберген Арымбек.
Жиын қорытындысы бойынша, газ бағасына байланысты барлық өзгерістер халыққа түсінікті, ашық түрде жеткізілетіні атап өтілді. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары жалғасын табады.