«Ашық алаң 2025: Taza Qadam» ақпараттық-түсіндіру акциясы Жезқазғанда

«Ашық алаң 2025: Taza Qadam» ақпараттық-түсіндіру акциясы Жезқазғанда

2025 жылдың 21 наурызында Жезқазған қаласында, «Samadi Mart» гипермаркетінде, Ұлытау облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Ашық алаң 2025: Taza Qadam» ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындарды діни экстремизмнің алдын алу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және рухани жаңғыру бағытында ақпараттандыру.

Акция барысында қатысушыларға еліміздегі діни саланы реттейтін заңнамалар мен деструктивті діни ағымдардың қауіптілігі туралы ақпараттар ұсынылды. Тарату үшін 500-ден астам таратпа материалдары дайындалып, олар қатысушыларға тегін үлестірілді. Бұл материалдар азаматтарды заң бұзушылықтардан сақтандыруға, сондай-ақ діни сауаттылықты арттыруға бағытталған.

Іс-шара аясында ұйымдастырылған викториналар қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Викториналық сұрақ-жауаптар ұлттық салт-дәстүрлер, қазақ зиялыларының өмірі және зайырлылық қағидаттарына арналды. Сонымен қатар, қазақтың мақал-мәтелдеріне қатысты «Жалғасын тап» ойыны өткізілді, бұл ойынды қатысушылар үлкен ықыласпен ойнады.

Іс-шараның қызықты бөлімі – ұлттық спорт түрлерінен асық ату жарысы болды. Бұл жарыс жастар мен үлкендердің көңілін бірдей баурап алды. Сондай-ақ, дәстүрлі әншілер мен күйшілердің өнері шараға ерекше бір рухани атмосфера сыйлады.

Акцияның соңында белсенді қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бұл ынталандыру шаралары қатысушыларды одан әрі белсенділікке шақырды және рухани дамуға деген ұмтылысын арттырды.

«Ашық алаң 2025: Taza Qadam» акциясы өз мақсатын толықтай орындап, тұрғындарды діни сауаттылыққа шақыруды, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, сонымен қатар мәдениетті сақтап, дамытуға бағытталған маңызды шара болды. Біз бұл бастамалардың жалғасын табуына үміттіміз және қатысушыларға көрсеткен белсенділігі үшін алғыс білдіреміз. Рухани даму жолындағы әр қадамымыз маңызды!