Ұлттық рух пен қоғамдық келісім тоғысқан тағылымды кездесу

Ұлттық рух пен қоғамдық келісім тоғысқан тағылымды кездесу

Ұлытау облысында Діни бірлестіктер клубының кезекті отырысы өтті.

Басқосуға өңірдегі діни бірлестіктердің өкілдері қатысып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, рухани келісімді нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және конфессияаралық өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар ортақ құндылықтар, өзара құрмет, татулық пен бірліктің қоғам өміріндегі маңызы жөнінде пікір алмасты. Әртүрлі діни бірлестіктер өкілдерінің бір алаңда бас қосуы — өңірдегі келісім мәдениетінің, сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынастың айқын көрінісі.

Іс-шара барысында қонақтарға қазақтың дәстүрлі дастарқаны ұсынылып, бауырсақ, қымыз бен құрттан дәм татқызылды. Ұлттық болмысымызды айшықтайтын бұл көрініс қатысушылар арасындағы жылы қарым-қатынасты арттырып, рухани жақындық пен достық пейілді бекемдей түсті.

Сонымен қатар діни бірлестіктер өкілдері мен олардың отбасы мүшелерінің қатысуымен «Ынтымақ аренасы: ұлттық спорт пен рухани келісім алаңы» атты отбасылық спорттық іс-шара ұйымдастырылды.

Қатысушылар атқа міну, садақ ату сынды ұлттық спорт түрлері бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, халқымыздың төл мәдениеті мен дәстүрлі өнеріне деген қызығушылықтарын арттырды. Балалар арасында асық ату ойындарының өткізілуі жас буынның ұлттық ойындарға жақындығын қалыптастырып, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге ерекше серпін берді.

Шара соңында белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар мен арнайы марапаттар табысталды.

Мұндай тағылымды кездесулер қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, конфессияаралық келісімді дамытуға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға және өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосады.