ОБЛЫСТЫҢ ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕР КЛУБЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ ЖИЫНЫ ӨТТІ.

ОБЛЫСТЫҢ ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕР КЛУБЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ ЖИЫНЫ ӨТТІ.

2025 жылдың 20 қарашасында Ұлытау облысы Діни бірлестіктер басшылары Клубының кезекті қорытынды отырысы өтті. Жиынға өңірде тіркелген және белсенді қызмет атқарып жатқан діни бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері қатысты.

Клуб жұмысының негізгі мақсаты – түрлі сенім мен конфессия өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту, конфессияаралық және дінаралық диалогты дамыту, сондай-ақ өңірдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау болып табылады.

Отырыста қатысушылар діни бірлестіктердің қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне тоқталып, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қаралып, өңірдегі діни бірлестіктер тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, отырыс барысында діни бірлестіктер қазақ тілінің курсын ашу және оған белсенді қатысу жөнінде бастама көтеріп, бұл ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.

Жиын соңында облыс халқының рухани құндылықтарын дамытуға, дінаралық келісімді нығайтуға және өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты сақтауға қосқан үлесі үшін діни бірлестіктердің өкілдеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.