«БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ - 2023: Талаптар мен мүмкіндіктер

«БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ - 2023: Талаптар мен мүмкіндіктер
12.04.2023 жылы Жезқазған қаласы жоғарғы медициналық колледжінде «Болашақ» бағдарламасы - 2023: Талаптар мен мүмкіндіктер» тақырыбында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Сәкенов Олжас Берлесұлымен кездесу өтті. Кездесуге Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының м.а. Сабина Ниязова, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының медициналық ұйымдарының басшылары мен жас мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы «Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ə.Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен белгіленген.
Бағдарламаның мақсаты – ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау. Бағдарлама академиялық оқуды (магистратура, докторантура) және әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды.
Үстіміздегі жылдың 3 сәуірнен Қазақстанда «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы аясында конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдаудың екінші легі басталды. Үміткерлердің құжаттары 2023 жылғы 28 сәуірге дейін eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн қабылданады.
Кездесуге қатысушылар 2023 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алуға 555 стипендия бөлінгенін, оның ішінде магистратура және резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінгендігін осы істің басы қасындағы бірінші тұлғаның өзінен естіп білді.
Басым мамандықтар тізіміне 262 мамандық кірді. Үміткерлер робототехника, сервистік платформаларды әзірлеу, жасыл технологиялар, қоғамдық денсаулық сақтау, инклюзивті білім беру және т.б. еңбек нарығындағы өзекті мамандықтар бойынша шетелде дайындықтан өтеді.
- Биылғы жылдың ерекшелігі инженерлік-техникалық мамандармен қатар медициналық кадрларға арналған квоталар бекітілді. Енді олар алдымен мерзімі 12 айға дейінгі тілдік дайындықтан өтіп, шетелдік жоғары оқу орнына жеңілдетілген шарттармен түсе алады. Оларға шақырту тапсыру талабы қойылмайды. Бұл аталған бағыттар бойынша түсетіндер үшін мүмкіндіктерді кеңейтеді. Сонымен қатар биыл үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Енді докторатураға түсетіндерді қоспағанда, кандидаттардың барлығы шет тілі бойынша сертификат тапсыруға міндетті, - деді Олжас Сәкенов.
Биылғы тағы бір жаңалық - бағдарлама аясында оқытуды қоса қаржыландыру бекітілді. Шетелдік ЖОО-ның грантын ұтып алған үміткерлердің «Болашақ» шеңберінде қосымша қаржыландыруды алуға мүмкіндігі бар. Мұндай стипендиаттар үшін еңбек өтілі 1 жылға қысқартылды.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың алғашқы легінде Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен «Болашақ» стипендиясы 25 қазақстандыққа тағайындалды.
Ал жыл соңына дейін «Болашақ» стипендиясына өтінімдерді қабылдауддың тағы екі легі өтетін болады: 5 маусым мен 7 шілде аралығында, сондай-ақ 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында.