ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ: Ангиография – тамыр және нейрохирургиядағы жаңа деңгей

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ: Ангиография – тамыр және нейрохирургиядағы жаңа деңгей
 
 
🔹Бұрын хабарлағанымыздай, 2025 жылы Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жоғары технологиялық құрылғы – ангиограф сатып алынып, облыстық көпбейінді ауруханаға орнатылған болатын.
Ангиография - көк тамыр мен артериялардың жағдайын мүмкіндігінше дәл бағалауға, тарылулар (стеноздар), бітелулер (окклюзиялар), аневризмаларды және басқа патологияларды анықтауға, сондай-ақ емдеудің ең тиімді тәсілін таңдауға мүмкіндік береді. Ақпараттылығы бойынша әдіс ультрадыбыстық және түрлі-түсті дуплексті сканерлеуден асып түседі. Ол кардиология, неврология, онкология, нейрохирургия, гинекология, урология және тамыр хирургиясында кеңінен қолданылады.
🔹Ангиография әдісі арқасында облыс халқына көптеген күрделі оталарды жасау мүмкіншілігі туды. Қондырғыны орнатқаннан бастап 57 науқасқа ота жасалынған, оның ішінде 17 - жоспарлы, 40 - шұғыл түрде жасалынған оталар. Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлерінің қатысуымен 3 рет шеберлік сабақтары өткізіліп, 16 науқасқа ота жасалынған.
🔹Сөзсіз, мұндай кермет жабдықтарды білікті мамандарсыз пайдалану мүмкін емес. Қазіргі таңда ангиографиялық оталарды құрамына Бауыржан Ешжанов (жергілікті ангиография бойынша мамандану курстарынан өткен, аргиохирург), Қуаныш Нәлібай (өңірге әлеуметтік қолдау бағдарламасы бойынга келген тәжірибелі нейрохирург), Жалғас Әбдраманов (ҚР ДСМ-ның жолдамасымен келген нейрохирургия бағытындағы резидент) кіретін команда жүзеге асыруда.
- Нейрохирургия бойынша - селективті церебральды ангиография, тромбоаспирациялар, ішкі ұйқы және омыртқалық артерияларды стенттеу, аневризмаларға оталар жасалынып жатыр. Облыс тұрғындары бұған дейін мидың қан-тамыр патологиялары бойынша оталарды Астана немесе Қарағанды қалаларына барып жасататын, қазіргі таңда ондай оталар өзімізде МӘМС шеңберінде қолжетімді. Бүгін 58-ші пациентке миындағы тамыр патологиясын анықтау мақсатында селективті церебральды ангиография отасы жасалды, - дейді Қуаныш Нәлібай.
Алдағы уақытта оталардың түрін кеңейту жоспарланып отыр, яғни бас ми қан-тамырларымен қоса перифериялық қан-тамырларға жасалынатын оталарды да көбейту.
 
🔹🔹🔹Ангиография - бұл Ұлытау облысының тамыр және нейрохирургиясындағы жаңа деңгей.