ВАРИКОЗДЫ ЛАЗЕРЛІК ЕМДЕУ ЕНДІ ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘРБІР ТҰРҒЫНЫНА ҚОЛ ЖЕТІМДІ

ВАРИКОЗДЫ ЛАЗЕРЛІК ЕМДЕУ ЕНДІ ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘРБІР ТҰРҒЫНЫНА ҚОЛ ЖЕТІМДІ

Көк тамырлардың варикозды кеңеюі - бұл косметикалық ақау ғана емес, сонымен қатар өмір сүру сапасын едәуір нашарлататын ауыр созылмалы тамыр ауруы. Ол тамыр қабырғалары әлсіреген кезде дамиды, ал веноздық клапандар өз функцияларын орындауды тоқтатады, яғни қан ағымы бұзылып, қан аяқтардың төменгі бөліктерінде тоқырай бастайды. Тамырлар кеңейіп, бұралып, ауырады, ісіну, аяқтың ауырлығы, құрысулар пайда болады.

Варикоздың даму себептері тұқым қуалауға бейімділікпен қатар,  көптеген қауіп факторлары болуы мүмкін: аз қозғалысты өмір салты, ұзақ тұру немесе отыру, семіздік, жүктілік, тығыз киім немесе биік өкшелі аяқ киім кию. Әсіресе, бұл ауруға жұмысы ұзақ уақыт аяқпен жүрумен байланысты адамдар — сатушылар, мұғалімдер, дәрігерлер, сондай — ақ ұзақ уақыт отыруға мәжбүр болғандар-жүргізушілер, кеңсе қызметкерлері шалдығуы мүмкін.

Бастапқы кезеңдерде ауру айтарлықтай қолайсыздықты тудырмауы мүмкін, бірақ уақтылы емделмесе ол күшееді. Тамырлардың варикозды кеңеюі тұрақты ауырсынумен, ауырлық сезімімен және шаршаумен ғана емес, сонымен қатар ауыр асқынулармен де қауіпті. Олардың ішінде варикозды тромбофлебит, трофикалық жаралар, терінің гиперпигментациясы және ең ауыры — өлімге әкелуі мүмкін тромбоэмболия бар. Сондықтан дәрігерге баруды кешіктірмеу және емдеуді мүмкіндігінше ертерек бастау маңызды.

Бақытымызға орай, бүгінде варикозды тез, қауіпсіз және ауыртпалықсыз тиімді емдеуге болады. Веноздық патологияны емдеудегі  "алтын стандарт" ретінде танылған заманауи әдіс эндовенозды лазерлік коагуляция болып табылады. Бұл технология хирургиялық кесусіз және ауруханаға жатқызусыз ауру тамырлардан арылуға мүмкіндік береді. Лазерлік емдеу жергілікті анестезиямен, теріге пункция жасау арқылы жүзеге асырылады. Ауру тамырдың ішіне жұқа лазерлік талшық енгізіледі, ол жылу сәулеленуінің көмегімен зақымдалған тамырды"дәнекерлейді". Процедурадан бірнеше сағат өткен соң, науқас өздігінен жүре алады, ал толық қалпына келтіру үшін бірнеше күндер ғана қажет.

Енді мұндай жоғары технологиялық көмек Ұлытау тұрғындарына да қолжетімді болды. 2024 жылы өңірде Тамырлы хирургия орталығы өз жұмысын бастады. Онда жыл соңына дейін варикозды аурумен ауыратын 121 науқасты емдеу жоспарланып отыр. Барлық рәсімдер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде қаржыландырылады және осы жобаға биыл 30 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл аймақ тұрғындары учаскелік дәрігерден жолдама алып, тегін ем ала алады дегенді білдіреді.

Орталықта операцияны тәжірибелі мамандар тобы, соның ішінде астаналық қан тамырлары хирургы Ансар Юсупов жүргізеді. Ол лазерлік емдеу әсіресе қант диабеті сияқты созылмалы аурулары бар науқастарға қолайлы екенін атап өтті, өйткені ол анестезиясыз және денеге минималды араласумен жасалады. Операциядан кейін пациенттерге бірнеше күн компрессиялық шұлық киіп, таңу курсынан өту ұсынылады. Ауруханаға жатқызу қажет емес және келесі күні қалыпты өмірге оралуға болады.

Биылғы жылы Жезқазған қаласының тұрғыны Нұржамал Байділдинова өз тәжірибесіне көз жеткізді. Ұзақ уақыт бойы ол аяғындағы ауырсыну мен ісінуден зардап шексе де, операциядан тартынып жүрген. Дегенмен, емханаға хабарласып, МӘМС бойынша емделуге жолдама алған. Тегін кеңес беруден және қан тамырларын ультрадыбыстық тексеруден кейін, оның аяғына екі операция жасалды. Бүгінде Нұржамал өзін жақсы сезінеді, ауырсыну мен ісіну жойылып, өмір сапасы айтарлықтай жақсарды.

Мұндай науқастардың тарихы көп нәрсені білдіреді. МӘМС жүйесі мен өңірлерде тамырлы хирургияны дамытудың арқасында жоғары технологиялық медициналық көмек ірі қалаларда ғана емес, шалғайдағы елді мекендерде де қолжетімді болады. Көптеген адамдар үшін бұл ауыр аурудан арылудың және белсенді, толыққанды өмірге оралудың нақты мүмкіндігі.