Ұлытауға жұмыс сапарының екінші күні Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірдің медициналық жұртшылығымен кездесті.

Ведомство басшысы денсаулық сақтау саласындағы заңнамадағы негізгі өзгерістер туралы айтты. Ол медициналық көмектің бірыңғай пакетін енгізуге, МӘМС шеңберінде тегін медициналық көмек пен қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсынудың жаңа тәсілдеріне толығырақ тоқталды.
Медициналық көмектің сапасын бақылау бөлігінде министр биылғы 15 қыркүйектен бастап Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне қадағалау функциялары берілетінін, бұл көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін еске салды.

Өңірде онкологиялық қызметті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министр ерте диагностика, пациенттерді уақтылы жіберу және жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету онкологиялық аурулармен күресте негізгі факторлар болып табылатынын атап өтті.
Медицина қызметкерлері кадр тапшылығы, медициналық көмекті ұйымдастыру және инфрақұрылымның жай-күйі тақырыптарын көтерді. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі қызығушылық тудырды, ол пациенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуі, дәрігерлер үшін заңды қауіптерді төмендетуі және даулы жағдайларды шешуге көмектесуі керек.

Ведомство басшысы әріптестеріне сындарлы ұсыныстары үшін алғысын білдіріп, айтылған барлық мәселелер алдағы жұмыста ескерілетінін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша министр өңірде арнайы жұмыс тобының құрылғаны туралы хабарлады.
«Келесі аптадан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы жұмыс тобы жұмыс істей бастайды. Оның міндеті – ағымдағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізу, инфрақұрылымның жай-күйін бағалау, жүйелік проблемаларды анықтау және медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша нақты шаралар әзірлеу», - деп түйіндеді министр.