Жезқазғанда облыстық көпбейінді аурухананың базасында өңір тарихында алғаш рет жоғары дәлдіктегі әдістеме — ангиографияны қолдана отырып, қан тамырларына зерттеу жүргізілді. Бұл Ұлытау тұрғындары үшін қан тамырлары ауруларын диагностикалау мен емдеудің озық әдістеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи ангиограф — жабдық орнатылғаннан кейін мүмкін болды.
Ангиография тамырлар мен артериялардың жағдайын мүмкіндігінше дәл бағалауға, тарылулар (стеноздар), бітелулер (окклюзиялар), аневризмалар және басқа да ауытқулар сияқты патологияларды анықтауға, сондай-ақ емдеудің ең тиімді тәсілін таңдауға мүмкіндік береді. Ақпараттылығы бойынша әдіс ультрадыбыстық және түрлі-түсті дуплексті сканерлеуден асып түседі. Ол кардиология, неврология, онкология, нейрохирургия, гинекология, урология және тамыр хирургиясында кеңінен қолданылады.
Жаңа технологияны іске қосу шеңберінде Жезқазғанға «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ тамырлық және функционалдық нейрохирургия бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Бауыржан Қонақбаев және Алматы кардиологиялық орталығының рентгенхирург дәрігері Айжан Құланбаева келді. Облыстық аурухананың ангио - және рентгенхирургы Бауыржан Ешжановпен бірге олар инсульт және нейрохирургиялық бөлімшелердің пациенттерінің ми тамырларында үш аз инвазивтік диагностикалық емшараны орындады.
Сонымен қатар, ангиографиялық зерттеп-қараудан кейін пациенттердің біріне профилактикалық операция жасалды — аневризманың жарылуын болдырмау үшін артерияға микроспираль орнатылды.
Болашақта облыстық ауруханада ангиографтың көмегімен тромбэктомия (инсультпен ауыратын пациенттерде мидың бітелген тамырынан ұйыған қанды алып тастау), тарылған ми мен каротид артерияларын стенттеу, аневризмаларды эмболизациялау, сондай-ақ жатыр мен қуықасты безінің тамырларын эмболизациялау жоспарлануда.
Жезқазған облыстық ауруханасы жанындағы инсульт орталығына үшінші деңгей беру маңызды жетістік болды. Бұл ангиографты орнатудың арқасында ғана емес, сонымен қатар орталықты заманауи компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтармен жабдықтаудың арқасында мүмкін болды. Енді өңір тұрғындары басқа қалалардың клиникаларына бармай-ақ инсульт пен басқа тамырлық патологияларға жоғары білікті көмек ала алады.