
Конституциялық реформаны түсіндіру мақсатында мәдениет қызметкерлері мен креаторлардың қатысуымен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдің мәдениет ұйымдарының басшылары, өнер қайраткерлері, шығармашылық ұжым өкілдері және креативті индустрия субъектілері қатысты.
Кездесу барысында «Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы кіріспе сөз сөйлеп, конституциялық реформалар аясындағы мәдениет саласының жаңа мүмкіндіктеріне жан-жақты тоқталды. Ол өз сөзінде Ата Заңдағы жаңашыл өзгерістер мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, шығармашылық еркіндікті кеңейтуге және ұлттық құндылықтарды жүйелі қолдауға берік құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті.
Сонымен қатар жиын барысында өзге де спикерлер баяндама жасап, конституциялық жаңғыру жағдайындағы мәдениет саясатының басым бағыттарын кеңінен талқылады. Атап айтқанда, ұлттық мәдени мұраны сақтау, инфрақұрылымды жаңғырту, кадрлық әлеуетті нығайту және ашықтық қағидаттарын дамыту мәселелері қозғалды.
Бұдан бөлек, қатысушылар жаңа Конституцияның мәдениет пен креативті индустрияларды қолдаудағы рөліне ерекше назар аударды. Шығармашылық кәсіпкерлікті дамыту, авторлық құқықты қорғау, жас таланттарды қолдау және мәдени жобаларды ілгерілету бағытындағы мүмкіндіктер туралы пікір алмасты.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар тарапынан өзекті ұсыныстар мен бастамалар айтылды. Мұндай кездесулер мәдениет саласы өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық белсенділікті нығайтуға және конституциялық реформалардың мәнін терең түсінуге ықпал етеді.
Іс-шара қорытындысында конституциялық өзгерістерді қоғамға кеңінен түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді.