
Бүгін Ұлытау өңірінде қазақ руханияты үшін айрықша мәні бар мазмұнды әрі тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Ұлттық әдебиет пен мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан қоғам қайраткері, қаламгер-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов — кештің құрметті қонағы болды.
Кездесуді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ақылбекова Зина Жұманазарқызы жүргізді. Рухани жүздесуге өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, тіл жанашырлары қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшелері, өңір қаламгерлері Ғазиз Ештанаев, Батырбек Мырзабеков, Мұса Тілеуов және Халықаралық қазақ тілі қоғамының Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Базаркүл Үмбетова сөз алып, ұлттық руханияттың өзекті мәселелері жайлы, әдебиет пен сөз өнерінің бүгіні мен болашағына қатысты маңызды ойларын ортаға салды. Мұндай мазмұнды жүздесулер қаламгерлер арасындағы рухани байланысты нығайтып, елдік мұраттарға жетелейді.
Мереке Әбдешұлының ұлттық руханиятқа деген жанашырлығы мен ақын-жазушыларға көрсетіп келе жатқан қолдауы — ел үшін аса қымбат, ұлт мәдениеті үшін бағалы үлгі.