
2026 жылдың 5 ақпан күні Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасында «Ұлытаудың ұландары – қазақ рухының қырандары» атты рухани-танымдық кеш өтті. Іс-шара көрнекті қаламгерлер Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың туғанына 110 жыл толуына арналды.
Рухани кеш Қуат Құрмансейіттің «Ұлытаулық ұрандар» атты өлеңімен ашылды. Алғашқы сөз Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Данагүл Байзаққызы Алшынбаеваға беріліп, ол қос қаламгердің қазақ әдебиеті мен руханиятындағы орнына тоқталды.
Кеш қонақтары Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің трағасы Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов, қоғам қайраткері Рақыш Нәшкенқызы Ідірісова, ақын Ғазиз Елеусізбайұлы Ештанаев Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың өмірі мен шығармашылығы жайында тағылымды ойларымен бөлісті.
Баубек пен Мұқанның жазған хаттарын №8 гимназия мектебінің 10-сынып оқушылары Айып Нұржігіт пен Жүсіпов Айдын көркемдік нақышына келтіре оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Жезқазған музыкалық колледжінің студенттері Шакарман Ерден «Өз жерім менің» атты авторлық әнін орындап, Амандықов Сыйлас пен Ильясов Батыржан қазақтың дәстүрлі күй өнерінен «Адай» күйін тартып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармонияның әншілері Мәди Ардақұлы «Қазағым-ай», Еламан Зәйни «Ұлытау» әндерін шеберлікпен орындап, кештің рухын асқақтатты.
Сонымен қатар, шара аясында «Ерлік пен Елдіктің қос жұлдызы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, қос қаламгердің өмірі мен еңбектерін кеңінен таныстыруға мүмкіндік жасалды.