
2025 жылғы 27 қараша күні Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық-драма театрында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклінің премьерасы аншлагпен өтті. Қоюшы режиссері «Мәдениет саласының үздігі » Теміржан Жанботаев, қоюшы суретші Қуат Дүйсенбек.
Ұлттық классиканың сахнадағы жаңа интерпретациясы көрерменді айрықша толқытты. Театр ұжымы бұл қойылымды заманауи режиссерлік көзқараспен ұсынып, ғасырлардан жеткен махаббат дастанына жаңа тыныс берді.
Режиссер Теміржан Жанботаев поэтикалық мәтіннің рухын сақтай отырып, Ғабит Мүсірепов драматургиясын қазіргі көрерменге түсінікті әрі өткір етіп жеткізді. Сахналық кеңістік арқандарға құрылып, жарық пен дыбыстың символикалық шешімдері оқиғаның эмоционалдық өрімін тереңдетті.
Басты бейнелерді орындаған актерлер: Қозы Көрпеш – Жүсіп Мади, Баян – Қанағат Бейсембек, Қодар – Думан Әбілтаев, Қарабай - Еркеш Бәйдешов, Жантық – Саденов Мади және басқа да орындаушылар образдардың психологиялық қырларын анық ашып, махаббат пен таңдаудың трагедиялық табиғатын нанымды көрсетті. Әсіресе Қозы мен Баян арасындағы шынайы сезім сахналары көрермен тарапынан ерекше әсермен қабылданды. Баянның әкесі Қарабай – Ерке Байдешов спектакльде тек бас антагонист ретінде ғана емес, сол дәуірдегі қыз баланы адам деп есептемей, мал-мүлікке теңеу тәжірибесінің әлеуметтік мәнін еске салатын бейне ретінде ашылды.
Премьера соңында көрермендер шығармашылық құрамға алғыстарын ұзақ шапалақ арқылы пен білдіріп, спектакльді жоғары бағалады.
Қойылым театрдың тұрақты репертуарына енгізілді.
Серке Қожамқұлов атындағы театр
алдағы уақытта ұлттық мұраның жаңа қырларын ашуды жалғастырып, классикалық дүниелерді бүгінгі көрерменге жаңаша ұсыну бағытында жұмыс жүргізе беретін болады.