
Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі Ұлытау облысының қорғаныс істері департаментімен бірлесіп ұйымдастыруымен музейде армия генералы, «Халық қаһарманы», Ұлытау облысының Құрметті азаматы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевтың 80 жас мерейтойына арналған «Қырандар көкті аңсайды» атты іс шарасы өтті.
Іс-шараға облыстың зиялы қауым өкілдері, қала басшылығы, Ұлытау облысының қорғаныс істері департаментінің қызметкерлері, Ұлытау облысының «Тәжік – Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің, «Чернобыль жаңғырығы» қоғамының өкілдері, Қазақсатан Республикасының Қарулы Күштерінің Республикалық Ардагерлер ұйымының Ұлытау облысы бойынша төрағасы, Ішікі істер органдарының Құрметті ардагерлері, Мухтар Қапашұлының туысқаны, жерлесіміз, Ішкі істер органдарының құрметті ардагері Қайдарбек Абдырайымұлы Ержанов, ақын-әншілер, отан қорғау ісінің тәрбиеленуші курсанттары, жергілікті БАҚ өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты.
Ісшараның мақсаты Қазақстан Қарулы Күштерінің абыройының өсуіне, қуатының бекіп, жағымды бейнесінің қалыптасуына зор еңбек сіңірген Ұлытаудың тумасы, Армия генералы, «Халық қаһарманы», Ұлытау облысының Құрметті азаматы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевты өскелең ұрпаққа дәріптеп, ұлықтау.
Салтанатты мерейтойға орай ұйымдастырылған шараның шымылдығын Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Д.Б.Алшынбаева ашты.
Іс-шара барысында «ер ұланын ел қорғаны санаған, батыр ұлын ұлт ұранына айналдырған, ерлік іс жасаған азаматын аспан-көкке көтерген ұлытаулықтар»-деп бастаған модератор.
Мухтар Қапашұлының өмірбаянын жан-жақты қозғап, жиналған қонақтарға үлгіге толы жеке өмірі, қызметі жайлы мақтанышпен баян етті. Қаһарман жайлы бейнебаян да көрсетілді.
Ісшарада Ұлытау облысы қорғаныс істері департаментінің бастығының орынбасары подполковник Уткелбаев Ербол Серікұлы, Қазақстанның Құрметті металлургі, «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ-нің төрағасы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Бүкіров Төлеген Нұрмағанбетұлы, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Сейтқазинов Мұқаш Сейітқазыұлы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің республикалық ардагерлер ұйымының Ұлытау облысы бойынша төрағасы, отставкадағы подполковник Райымбеков Марат Ахатұлы, Алтынбаев Мұхтар Қапашұлының туысқаны, жерлесіміз, Ішкі істер органдарының құрметті ардагері Ержанов Қайдарбек Абдырайымұлы ұлтжанды азамат, батыр ұл, айбынды ер, қоғам қайреткері жайлы өз ойларын тебірене жеткізіп, өскелең ұрпаққа үлгі болардай шынайы бағасын берді.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Серік Оспанов, Ә.Қашаубаев атындағы республикалық ән байқауының лауреаты Ардақ Мұқышев сынды әншілеріміз рухқа толы құрмет тұту, ұлықтау кешіне көрік беріп, тақырыпқа сай әуендерін шарықтата орындап, көпшілікті толғандыра білді.
Рухқа толы құрмет тұту, ұлықтау кеші осылайша өз мәресіне жетіп, кеш қонақтары естелік суреттерге түсумен тарқасты.
Қосымша мәлімет
Мұхтар Қапашұлықазақ орта мектебінің 10-сыныпта оқып жүрген кезде-ақ аэроклубқа барып, көк жүзінде самғап ұшудың қыр-сырын білуге ұмтылады. Талғат Бигельдинова, Нүркен Әбдіров, Сергей Луганский, Леонид Беда, Иван Кожедуб сияқты көк қырандарының ерлігін тыңдап өсті.
Содан болар, оның да арманы – сонау алып кеңістік төрінде қалықтап ұшу болатын.
Ұшқыш болғысы келді. Алайда өмір ағысы оны әуелі жеті қат жер қойнауына шахтер етіп түсірді. 17 жасында көмір шахтасына түсіп, алты жыл жер астында тер төгеді. Сонан соң...
Иә, сонан соң ол қырандар қалықтаған көк жүзінің ғажайыптарына қарай ұмтылды.
-1971 жылы Әуе шабуылына қорғаныс ұшқыштарының Армавир жоғарыәскери авиациялық училищесін, 1985 жылы Жуков атындағы әскери академиясын үздік бағамен аяқтаған.
Әуе шабуылына қорғаныс әскерлеріне қарасты бөлімдерде барлық қызметтерден өткен. Авиациялық полк және құрама тізгінін ұстаған. «Әскери ұшқыш-мерген» деген жоғары атағы бар. Тәуелсіздік жылдары Әуе шабуылына қорғаныс корпусының командирі, Әскери әуе күштері әскерлерінің қолбасшысы – Қорғаныс министрінің орынбасары, ұзақ жылдар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі лауазымын абыроймен атқарды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланады.
Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев 70 жасқа толған атаулы күніне орай сол кетдегі Сенат Төрағасы, қазіргі Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев дақты ұшқыш жайлы былай деген болатын: «Мұхтар Қапашұлы - мемлекет тарихында ерекше орны бар тұлға. Оның айбынды ерлігі мен өмірі - Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі жолында еңбек етудің жарқын үлгісі. М. Қапашұлы өзінің ерекше қарым қабілетінің, ерен еңбегінің Отан қорғаушы жауынгер кәсібіне деген шексіз адал қызметі арқасында ұшқыштар училищесінің қарапайым курсантынан Армия генералы, Халық қаһарманы атағына дейін көтеріліп, күрделі еңбек жолынан өтті. Ол Кеңес заманында-ақ дивизия басшысы болды. Алайда Мұхтар Қапашұлының өміріндегі ең жемісті әрі табысты жылдар Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құрылысымен қатар келгені сөзсіз».
Міне, ұлтжанды азамат, батыр ұл, айбынды ер, қоғам қайреткері жайлы берілген шынайы баға осындай.