Ұлытаудағы рухани шуаққа толы кездесу

Ұлытаудағы рухани шуаққа толы кездесу

Ұлытау облыстық кітапханасында Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақтың құдіреті - қазақтың тілінде» атты еркін форматтағы рухани-әдеби кеш өтті. Іс-шараға өңірдің зиялы қауымы, ақын-жазушылар, тіл жанашырлары мен жас буын өкілдері қатысып, қазақ тілінің мәртебесін арттыруға бағытталған мазмұнды пікірлер ортаға салынды.

Кештің құрметті қонағы - белгілі қаламгер, ақын, жазушы, сатирик, журналист, заңгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Әбдіқайымұлы Ысқақ. Шара барысында өңір ақындары қаламгерге арналған жүрекжарды арнауларын оқып, педагогикалық колледж студенттері ақынның өлеңдерін мәнерлеп жеткізіп, әндерін орындады.

Әкім Әбдіқайымұлы өз кезегінде жастардың өнеріне ризашылығын білдіріп, оларға арнайы алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар ол тіл, әдебиет, ұлт руханияты төңірегіндегі ойларымен бөлісіп, қатысушыларға ізгі лебізін жеткізді.

Іс-шараның жалғасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті ұйымдастырған Жезқазған қаласының әкімдігінде өтті. Бұл кездесуде қоғам қайраткері Әкім Ысқақ облыстың жас мемлекеттік қызметшілерімен ашық сұхбат жүргізіп, Мәжіліс депутаты және мемлекеттік қызметші ретіндегі тәжірибесімен бөлісті. Жастарға кәсіби бағыт-бағдар беретін маңызды ұсыныстарын айтты.

Бұл жүздесу - қаламгердің Ұлытау өңіріне жасаған сапарының алғашқы бөлігі ғана. Дегенмен өткізілген шаралар өңірдің рухани дамуына ықпал етіп, жастардың ұлттық санасын нығайтуға серпін берді.