Ж.Хаджиев атындағы IV Халықаралық театр фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Ж.Хаджиев атындағы IV Халықаралық театр фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Ж.Хаджиев атындағы IV Халықаралық театр фестивалінің жеңімпаздары анықталды

   12-16 қыркүйек аралығында С.Қожамқұлов атындағы театр сахнасында өткен Жанат Хаджиев атындағы IV Халықаралық театр фестивалі мәресіне жетті. Биылғы байқауға Қазақстан, Қырғызстан және Ресей театрлары қатысып, көрерменге заманауи көзқараспен жасалған әсерлі қойылымдар ұсынды.

   Қазылар алқасының шешімімен үздіктер төмендегідей анықталды:

 Үздік спектакль

Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театры ұсынған «Өз отыңды өшірме» қойылымы фестивальдің ең жоғары марапатына лайық деп танылды. Режиссер – Мейрам Хабибуллин.

 Үздік ансамбль

Теміртау балалар мен жасөспірімдер театры сахналаған «RE:Обломов» біртұтас ұжымдық ойыны, актерлердің үйлесімі мен сахнадағы тұтастығы үшін марапатталды. Режиссер – Антуан Дукравец.

Үздік әйел рөлі

Қырғызстан, Бішкектегі «Stage 705» театрының актрисалары Айзада Абдыкалыкова мен Жамиля Кельдибаева «Ай-Булут» қойылымындағы сомдаған шынайы, әсерлі бейнелері үшін марапатталды.

Ұлы Отан соғысы балалар көзімен

Мәскеулік «Мамин театры» ұсынған «Мое ленинградское детство» қойылымы соғыс жылдарын балалардың нәзік жүрегі арқылы бейнелегені үшін ерекше атап өтілді. Режиссер – Василиса Галсанова.

Үздік визуалдық көркемдік бейне

«Тазының өлімі» спектаклі сахналық бейнелеу құралдары, көркемдік шешімдері мен визуалдық қуаты үшін жоғары бағаланды. Режиссер – Мейрам Хабибуллин.

Қазіргі кезеңнің заманауи көзқарасы үшін

Жанат Телтаев сахналаған «Толқындар жағада өледі» бүгінгі күннің рухани ізденістерін, заманауи толғаныстарын сахна тілінде бейнелегені үшін марапатталды.

 Екінші пландағы әйел рөлі

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының актрисасы Қиятова Дильназ «Пері қатын» спектаклінде Балауса – мылқау қыз бейнесін нәзіктік пен жанды терең сезіммен жеткізгені үшін үздік деп танылды.

 Екінші пландағы ер рөлі

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Рамазан Камешов «Иван Кузьмич Щепкин» рөлін сенімді, жарқын кейіпте сахналағаны үшін марапатталды.

   Фестивальдің қазылар алқасы аталған қойылымдардың көркемдік деңгейін, сахналық шешімін және актерлік шеберлігін ерекше бағалады.

   Фестивальдің айрықша ерекшелігі – жас театр сыншыларының тәуелсіз сарапшы ретінде қатысуы болды. Олар әр қойылымды жеке бағалап, өз таңдауларын жасап, үздік деп танылған спектакльдерге арнайы «Жас сыншылардың тәуелсіз сыйлығы» жүлдесін тағайындады.

   Бұл жобаға Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері (Алматы қаласы) және Уфа қаласынан келген жас сыншылар қатысты. Фестивальдің шығармашылық барысына тың серпін қосқан жас мамандарға ұйымдастырушылар атынан Алғыс хат табысталды.

Салтанатты рәсімде театр басшысы Досхан Сәкенұлы сөз сөйлеп, алғыс білдірді. Ал «Жас сыншылардың тәуелсіз сыйлығы» номинациясын табыстау құрметі Шеріхан Ұлпан Бахытқызы мен Герасимова Елизавета Сергеевнаға берілді

   Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – жас режиссерлер мен театр ұжымдарының жаңа ізденістерін қолдау, елдер арасындағы мәдени байланысты нығайту.