📌 2025 жылғы 2 мамырда Ұлытау облыстық тілдерді дамыту орталығы «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңының талаптарының сақталуын бақылау және заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында Жезқазған қаласындағы бірқатар медицина мекемелерінде зерделеу жұмыстарын жүргізді.
🔍 Зерделеу жұмыстары «Каратал» өндірістік кооперативі, «Медалин» ЖШС, «Жүрек» ЖШС, «Стоматология Азия» ЖШС, сондай-ақ «Макенбаева» отбасылық дәрігерлік орталығы сияқты медицина ұйымдарында өтті.
📄 Шара барысында мекеме басшыларына ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабына және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 24-бабына сәйкес көрнекі ақпараттарды – маңдайша жазулар, жарнамалар, хабарландырулар, бағалар мен прейскуранттарды – мемлекеттік және орыс тілдерінде заң талаптарына сай орналастыру бойынша әдістемелік көмек көрсетілді.
📝 Сонымен қатар, кәсіп иелеріне арналған пайдалы құрал ретінде екі тілде әзірленген «Кәсіпкерлер назарына!» жаднамасы таратылып, тілдік талаптарды сақтау бойынша кеңестер берілді.
🔎 Бұл іс-шараның басты мақсаты – көрнекі ақпараттың дұрыс әрі сауатты жазылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және тіл заңнамаларының сақталуына назар аударту.
🔄 Ұлытау облыстық тілдерді дамыту орталығы алдағы уақытта да осындай түсіндіру және зерделеу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып, жергілікті мекемелермен ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлап отыр.