2022 жылы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы

2022 жылы  балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы

Жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің толыққанды демалысын, сауықтырылуын, жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым міндеттерінің бірі болып табылады.

Биылғы 2022 жыл Мемлекет басшысының  жариялауымен  «Балалар жылы» - деп аталды. 2021-2022 оқу жылы аяқталып,  балалар жазғы демалысқа шықты. Жаз мезгілін балалар асыға күтетіні белгілі.  Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады.   Жазғы каникул балалардың жылдың бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады.Ол мектептегі сабақтан гөрі баланың еркіндікке, өзі үшін қызықты істерді жасау және өз мүдделерінің еркін дамуы үшін қажеттіліктерін жүзеге асыратын кезең.

          Жаз айында баланың ойы да, бойы да жақсы демалуы керек. Егер мүмкіндік болса, балаларға арналған демалыс орындарына, лагерьге жіберген дұрыс. Ол жерде баланың тамақтануы, ұйқысы, демалуы, ойнайтын және шомылатын уақыты қадағаланады. Өз қатарластарымен баланың демалысы қызықты өтеді.     

   Жазғы демалыспен және сауықтырумен Ұлан ауданында     2022  жылы  1 - 10 сыныпқа дейінгі 4595 оқушыны, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 100 % (1586) баланы қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жалпы білім беру қорынан 23 млн. 550 мың теңге қарастырылған. Оның ішінде:

- 13 680 мың теңге «Болашақ» сауықтыру лагеріне, бір балаға күніне 3800 теңгеден қарастырылған.

- 9 870 мың теңге мектеп жанындағы лагерьлерге, әртүрлі экскурсиялық саяхаттарға бөлінген.

Аудан бойынша жаз кезінде 32 лагерь жұмыс жасайды деп жоспарланып отыр. Оның біреуі қала сыртындағы Төменгі Тайынты ауылында орналасқан «Болашак» жазғы  лагері, 20 маусымнан 18 тамызға дейін 360 бала (5-10 сыныптар),  26 мамырдан 17 маусымға дейін 31 мектеп жанындағы лагерьде 663 бала демалады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар Алматы қаласындағы «Бөбек» және Щучинск қаласындағы «Балдәурен» Ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарына, Қонаев қаласына демалуға жіберіледі.   

 «Болашақ» жазғы лагерінің жұмысына Өскемен қаласындағы  колледж студенттерінен 18 тәлімгер  шарттық негізде балалармен жұмыс жасайды. Лагерьдің әр маусымында  аудан мектептерінің педагогтары қызмет атқарады (музыка жетекшісі, дене шынықтыру мұғалімі, 3 тәрбиеші, 3 тәлімгер,             1 техникалық қамту қызметкері, 1 демалыс ауысымы директоры, 1 лагерь директоры, асхана  жұмысшылары).

 

 

Аудан оқушыларымен жаз кезінде Ақбауыр археологиялық кешеніне, Аблайкит бекінісіне, Сібе көлдеріне, Өскемен қаласындағы парктерге, кинотеатрларға, Жидебайға, Семей қаласындағы Абай, Достоевский музейлеріне, Катонқарағай ауданындағы Берель музейіне,  Көкпекті ауданына, Зайсан көліне, Щульба су-электр қоймасына  туристік  саяхаттар ұйымдастырылып, көгалдандыру және құрылыс бригадалары жұмыс жасауда.

Қасым Қайсенов кентінде «Р. Мәрсеков атындағы орта мектебі» КММ ақпараттық технологиялар кабинетінде 30 маусымға дейін «Робототехника» үйірмесі ұйымдастырылған.

Мамыр айында  «Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру тақырыбына мектеп басшыларымен кездесу ұйымдастырылып, оған төтенше жағдайлар бөлімінің және аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары  қатыстырылды.  Суға шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес ШҚО ТЖ Департаменті "Болашақ" лагерінде шомылу орындарының акваториясын тазалау бойынша сүңгуір жұмыстары жүргізілді. Сондай - ақ, сумен жабдықтау нысандарын дератизациялау, дезинсекциялау, тазалау, жуу және дезинфекциялау, "Болашақ" лагерін ашу үшін санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды мен рұқсат беру құжаттарын ала отырып кенеге қарсы іс-шаралар жүргізіледі.

       Жасөспірімдер  арасында құқық бұзушылық болдырмау мақсатында  жаз кезінде лагерде аудандық ішкі істер бөлімінен полиция қызметкерлері келісім бойынша жұмыс  атқарады. Балаларды тасымалдаудың кауіпсіздігін, сондай-ақ балаларды сауықтыру, қоғамдық қауіпсіздікке аса назар аударылады.

Құрметті ата-аналар! Шығыс Қазақстан облысы бойынша  жазғы лагерьлердің  байланыс телефондары:

  • «Дарын-1» - 8/7232/751-661, 701-516, 75-42-12;
  • «Арайлы Шығыс» - 8-7054997506, 8-7074044048;
  • «Үржарайым» - 8-7782685561, 8-7071294168;
  • «Эдельвейс» - 8-7778526337.