.

.

Қалалық мәслихат депутаттары бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробациялық бақылаудағы адамдарды жұмысқа орналастыруға әлеуметтік көмек көрсету мәселесін қарады.

          Өскемен қаласында 2025 жылы 95 адам, ал 2026 жылы 50 адам әртүрлі жұмыспен қамту шараларымен қамтылды.

          Өткен жылы қаланың 13 кәсіпорны мен ұйымдарында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін
38 квоталық жұмыс орны және пробация қызметінің есебіндегілер үшін
38 квоталық жұмыс орны көзделген болатын. 2026 жылы квоталауға қатысатын кәсіпорындар саны 16-ға дейін артып, бұл сотталғандар үшін де, пробация қызметінің есебіндегі адамдар үшін де жұмыс орындарының санын 80-ге дейін арттыруға мүмкіндік берді.

          Сондай-ақ, 2025 жылы 42 адам әртүрлі мақсаттарға (емделуге, тамақтануға, тұрмыстық қажеттіліктерге) біржолғы әлеуметтік көмек алды.

          Бұдан бөлек, босатылған азаматтар Белоусовка кентіндегі өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығында арнаулы әлеуметтік қызметтер алды. 2025 жылы бұл орталыққа 28 адам жүгінген. Бүгінгі таңда онда 8 адам тұрып жатыр.

          Отырыс барысында есептегі адамдардың заңды жұмысқа орналасуға ынтасының төмендігі, олардың біліктілігінің жұмыс берушілердің қазіргі талаптарына сәйкес келмеуі, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер кешенімен байланысты түйткілді сұрақтар да атап өтілді.

          Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар тікелей қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағында жаңа өндірістер мен цехтар ашу мәселесін қарау туралы комиссия қызметіне қатысты қосымша ұсынымдар әзірледі. Бұл сотталғандарды жазасын өтеу кезеңінде жұмыспен және қажетті біліктілікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, олардың босатылғаннан кейін кәсіпорындарға жұмысқа орналасуына ықпал етер еді.