2025 жылғы 18 қараша күні Уәлиханов аудандық мәслихат төрағасы Сапар Қапарұлы Сәниевтің төрағалығымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХХІV сессиясының отырысы өтті. Сессия жұмысына Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Талғат Құрманғалиұлы Сағитов, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Қапарқызы Сағалиева, аудан әкімдігінің бөлім басшылары қатысты.
Депутаттардың қарауына негізгі сұрақ ретінде «Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов аудандық мәслихатының 2023 жылғы 15 қарашадағы № 13-10с «Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы» мәселесі енгізілді. Бұл сұрақ бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Серік Қамбарұлы Қазымжанов баяндама жасады.
Күн тәртібіне сәйкес Уәлиханов аудандық мәслихатының «Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының 2026 жылға арналған оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін төмендету туралы» шешімінің жобасын бекіту жөніндегі мәселе қаралып, бұл туралы аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Жолдыбай Нұрмағанбетұлы Хасеновтің ақпараты тыңдалды.
Сонымен қатар учаскелік сайлау комиссияларының құрамына өзгерістер енгізу және аудан әкімдігінің жер комиссиясының құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелер талқыланып, жоғарыда аталған нормативтік-құқықтық актілер бекітілді.