
📌 КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Түркістан облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары Төлендиев Мұрат Сағынұлы кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау және олармен еңбек шарттарын жасасу тәртібі мәселелері бойынша «Түркістан» телеарнасына сұхбат берді.
Сұхбат барысында Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау тәртібі мен олардың еңбек құқықтарына қатысты негізгі нормалар түсіндірілді.
🔸 Атап айтқанда, ҚР Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес еңбек шартын жасауға жалпы негізде 16 жасқа толған азаматтарға жол беріледі.
Сонымен қатар еңбек шарты:
* 15 жасқа толған азаматтармен, егер олар негізгі орта немесе жалпы орта білім алған болса;
* 14 жасқа толған оқушылармен оқудан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесіне кедергі келтірмейтін жұмыстарды орындау үшін;
* мәдениет, өнер және шығармашылық салаларында заңнама талаптарын сақтай отырып, 14 жасқа толмаған балалармен де жасалуы мүмкін.
🔸 Назар аудару керек: кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау кезінде олардың ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің жазбаша келісімі талап етіледі. Сонымен қатар жұмыс берушілер жас қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
🔸 Сұхбат барысында кәмелетке толмағандарды ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды немесе қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ олардың денсаулығы мен адамгершілік тұрғысынан дамуына кері әсер етуі мүмкін қызмет түрлеріне тартуға жол берілмейтіні ерекше атап өтілді.
🔸 Бұдан бөлек, 18 жасқа толмаған қызметкерлер үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленген. Оларды түнгі уақыттағы жұмысқа, үстеме жұмысқа, іссапарларға жіберуге және ауысымдық жұмысқа тартуға заңмен шектеулер қойылған.