
Бүгін Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының арасында «2026 – 2030 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы салалық Келісімге» қол қойылды.
Екі жақты келісім еңбек қатынастарын тұрақтандыруға, жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жұмыс берушілер, жұмыскерлер және олардың өкілдері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Екі жақты тараптардың өкілдері Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Әліш Амангелды Салхудинұлы мен «Қызмет» Салалық кәсіподағы Түркістан облыстық филиалының төрайымы Есебаева Күлдар Аралбекқызы арасында келісімге қол қойылды.
Салалық келісім аясында тараптар еңбек жағдайларын жақсарту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және әлеуметтік-еңбек мәселелерін бірлесіп шешу бағытында өзара іс-қимылды жалғастырады.
Әлеуметтік әріптестік – тұрақты еңбек қатынастары мен өзара сенімнің берік негізі.