АУДАН ӘКІМІНІҢ КЕЗДЕСУІ ҚАРАҚАЙДА ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Билік пен бұқара арасындағы ашық диалог – ел дамуының маңызды тетігі. Осы ретте Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тұрғындармен кездесулері Қарақай ауылдық округінде қорытындыланды.
Округтің әлеуметтік-экономикалық ахуалын саралап, алдағы кезеңнің міндеттерін айқындаған
маңызды жиынға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен жергілікті депутаттар, бөлімдер мен мекемелердің басшылары, құзырлы орган өкілдері мен тұрғындар қатысты.
Атқарылған жұмыстар қорытындыланып, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен келешек даму бағыттары сөз болған кездесуде азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін ауыз су, жол, электр жарығы, интернет, жайылымдық жер, ауыл шаруашылығы саласы, абаттандыру, әлеуметтік нысандар мен жұмыспен қамту мәселелері көтерілді.
Айтылған ұсыныстар мен қойылған сұрақтар бойынша жауапты сала басшылары тарапынан түсіндірме беріліп, шешілу жолдары нақтыланды. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жұмыстар бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
«Қарақай – өзіндік тыныс-тіршілігі, еңбекқор халқы қалыптасқан округтердің бірі. Мұндағы негізгі тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы. Сондықтан, өңірдің әлеуметтік ахуалымен қатар, шаруалардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау, кәсіп бастауға мүмкіндік беру, инфрақұрылымды жақсарту мәселелері де маңызды» деген аудан басшысы абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау, әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында қолға алынған жұмыстарға тоқталды.
Аудан әкімінің тұрғындармен есептік кездесуі – өткенге есеп беріп, болашаққа бағдар жасайтын маңызды саяси-қоғамдық алаң. Мұндай кездесулер арқылы тұрғындар билік жұмысының нәтижесін бағалап қана қоймай, өз ұсыныстарын тікелей жеткізуге мүмкіндік алады.
Қарақай ауылдық округіндегі кездесу де осы мақсат үдесінен шықты. Елдің көкейіндегі мәселелер ашық айтылып, атқарылған жұмыстар сараланды, алдағы міндеттер белгіленді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі