ОКРУГТІҢ АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ

ОКРУГТІҢ АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ
ОКРУГТІҢ АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ
 
Әу бастан-ақ қарияларын қазынаға балап, қашанда төрінен орын берген қазақ қанына сіңген қасиетін күні бүгінге дейін жоғалтқан жоқ. Абыздар салған жолмен жүріп, қариялар айтқан ақылмен іс жасауда. Өмірден түйген өнегелері мен басып өткен өмір жолдарын өскелең ұрпағына үлгі етуде.
 
Елдегі еңбегі ерен қарияларын құрметтей білетін Қызылқұм ауылдық округінде «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесіне орай ауқымды іс-шара өтті.
 
«Қазыналы қарттарымыздың бойларындағы өмірге деген белсенділік пен ерік-жігер өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге. Қасиетті Тәуелсіздігіміздің алғашқы сәттерінен бастап елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, саяси тұрақтануына үлес қосқан көптеген қарттарымыз құрметті зейнеткерлікке шықса да қоғамнан қол үзбей жастардың тәрбиесіне атсалысып, өмірден жиған тәжірибелерімен бөлісіп келеді. Білмегенімізді үйретіп, ақыл-кеңестерін беріп келеді. Сол үшін де ол кісілерге үлкен алғысымызды айта отырып, дендеріне саулық тілейміз!» деген Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Досжан Асқарұлы қарттарды мерекелерімен құттықтады.
 
Салтанатты шара барысында аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа ақыл-кеңестерін беріп елдегі ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың сақталуын, қайғысыз күннің түгемеуін тіледі. Ұрпақтар сабақтастығы мен бүгінгі қоғамдағы ұрпақ тәрбиесіне батыстық идеялогияның кері әсері, зардаптары мен алдын алу жолдары жайында айтып, болашақтың иелерін тәрбиелеуде күш біріктіруге шақырды.
 
Мерекелік іс-шара барысында аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, бар жастық жігері мен күш-қайратын елінің ертеңіне арнап, аянбай еңбек еткен қарттар округ әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Дүниеден өткендердің рухына құран бағышталып, ас берілді.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі