ЕЛДІҢ ПІКІРІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына назар аудару – мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары» қағидатын басшылыққа ала отырып, аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың елді мекен тұрғындарымен және белсенді азаматтармен кездесуі Жылы су ауылдық округінде жалғасып, онда тұрғындардың өзекті мәселелері талқыланды. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары, жергілікті тұрғындар қатысты.
Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар білім беру, кәсіпкерлік, мәдениет пен спорт, жұмыспен қамту, жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдарының жағдайы, тұрғын үй, электр энергиясы және абаттандыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, округ аумағындағы тазалық мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Айтылған ұсыныс-тілектер мен өзекті мәселелер мұқият тыңдалып, бірқатары хаттамаға енгізілді. Аудан әкімі көтерілген мәселелерді жауапты сала басшыларымен бірлесіп шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«Елді мекен тұрғындарымен және белсенді азаматтармен өтіп жатқан кездесулер мен жеке қабылдаулар барысында түрлі салаларға қатысты өзекті мәселелер көтерілуде. Әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап беруге және мүмкіндігінше оңтайлы шешім қабылдауға басымдық беріп келеміз. Бүгінде тұрғындарды толғандыратын негізгі мәселелердің қатарында инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер басым» деді аудан әкімі.
Елді мекендердегі өзекті мәселелерді жергілікті жерде зерделеп, оларды шешудің нақты жолдарын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды қабылдап, жеке мәселелерін тыңдады. Көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі