АУДАН ӘКІМІ ҒАСЫР ЖАСАҒАН АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

АУДАН ӘКІМІ ҒАСЫР ЖАСАҒАН АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
АУДАН ӘКІМІ ҒАСЫР ЖАСАҒАН АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
 
«1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесіне орай Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов ғасырдан асқан асыл аналардың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады, құрмет көрсетті.
 
Ғасыр жасаған аналар – бір әулеттің ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресін бойына жинаған қазыналы жандар. Өмірдің талай белесін артқа тастап, ел басынан өткен тарихи кезеңдердің куәсі болған ақ жаулықты аналардың өнегесі – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес тәрбие мектебі.
 
Мерекелік жүздесу барысында аудан әкімі ғасырдан асқан аналарға ақжарма тілегін арнап, сый-сияпат табыстады. Өз сөзінде ол қазыналы қариялардың елге сіңірген еңбегі мен ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз үлесін атап өтті.
 
«Сіздер – тағдырдың талай сынағын сабырмен еңсеріп, ұрпақ тәрбиелеп, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан алтын діңгексіздер. Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылықтың негізінде сіздердің төзімдеріңіз бен еңбектеріңіз жатыр. Сіздердің баталарыңыз бен ақыл-кеңестеріңізді біз әрдайым жоғары бағалаймыз» деді Серік Үсенұлы.
 
Ақ жаулықты аналар да өз кезегінде елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тілеп, ақ баталарын берді. Ғасыр куәгерлері өткен күндердің естеліктерімен бөлісіп, ел басынан өткерген қиын кезеңдерді еске алды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тыныштығы мен жетістігіне ризашылықтарын білдірген аналар үшін ұрпақтарының өсіп-өніп, немере-шөберелерінің қызығын көру – өмірдегі ең үлкен бақыт екенін жеткізді.
 
«Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Шын мәнінде, ғасыр жасаған аналар – ел тарихының тірі куәгері, ұлттық тәрбиенің алтын арқауы. Олардың ғибратты ғұмыры жас ұрпақты еңбекқорлыққа, сабырлылыққа, отансүйгіштікке және адамгершілікке үндейді.
 
Аудан әкімінің ғасыр жасаған аналарға арнайы барып, құрмет көрсетуі – қарттарға деген ізеттің ғана емес, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметтің жарқын көрінісі.
 
Қазыналы аналардың ақ батасы мен ізгі тілегі – елдің берекесі мен бірлігін еселейтін рухани күш. Мұндай тағылымды кездесулер үлкенге құрмет көрсетіп, кейінгі буынға өнеге қалдырудың маңызын айшықтай түседі.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі