АТАМЕКЕН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдап, елді мекендегі өзекті мәселелерді талқылау және олардың шешілу жолдарын нақтылау мақсатындағы аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың кезекті кездесуі Атамекен ауылдық округінде өтті.
Жиын барысында ауыл тұрғындары ауыз сумен қамту, автомобиль жолдарының жай-күйін жақсарту және жөндеу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол белгілері мен жол кедергілерін орнату, сондай-ақ, елді мекен көшелерін түнгі жарықтандыру секілді өздерін толғандырып жүрген бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді ортаға салды. Айтылған ұсыныстар мен өтініштерге жауапты сала басшылары түсініктеме беріп, алдағы атқарылар жұмыстардың бағыттары нақтыланды.
«Тұрғындар көтерген мәселелердің шешілу барысын жүйелі түрде бақылауда ұстауымыз қажет. Әсіресе, халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін ауыз су, жол және жарықтандыру секілді мәселелердің орындалу мерзімдерін нақтылауды тапсырамын» деген аудан басшысы әрбір мәселенің назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
Аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен депутаттар, аудандық бөлімдер мен тиісті мекемелердің басшылары, зиялы қауым өкілдері мен округ тұрғындары қатысқан жиында округтің дамуына қатысты ұсыныстар мен пікірлер айтылып, сұрақтар қойылды. Жергілікті жердегі мәселелер тұрғындармен ашық талқылап, нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді.
Кездесу соңында тиісті жұмыстарды ұйымдастыру, олардың орындалуын қамтамасыз ету және белгіленген мерзімдерде нәтижесін шығару жөнінде тапсырмалардың орындалуын Серік Үсенұлы өз бақылауында ұстайтынын айтты.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі