ХАЛЫҚТЫҢ КӨКЕЙІНДЕГІ МӘСЕЛЕ – ӘКІМНІҢ НАЗАРЫНДА
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жергілікті атқарушы органдардың халықпен ашық әрі тікелей байланысын қамтамасыз ету, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асу және көтерілген мәселелердің нақты шешілуіне ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың кезекті кездесуі Жаңа ауыл ауылдық округінің тұрғындарымен өтті.
Аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, мәслихат депутаттары, аудандық мекемелер мен жауапты сала басшылары қатысқан кездесу барысында елде жүзеге асырылып жатқан реформалардың негізгі бағыттары, қоғамды одан әрі демократияландыру, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен халық алдындағы жауапкершілігін арттыру мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, тұрғындар өздерін толғандырып жүрген баспана, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстарын айтты.
Көтерілген мәселелердің шешімін созбалаңға салмай, заң аясында орындаудың маңыздылығын атап өткен аудан әкімі жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеп, олардың орындалу мерзімдерін белгіледі.
«Елді мекендердегі өзекті мәселелерді тікелей тұрғындардың өз аузынан естіп, олардың шешілу жолдарын бірлесіп айқындаудың, ұсыныстары мен талап-тілектерін заң шеңберінде орындау – жергілікті атқарушы органдар жұмысының басты бағыттарының бірі» деген Серік Үсенұлы мұндай кездесулердің билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың ұсыныс-тілегін нақты іске айналдыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі