«АСЫҚАТА» АУРУХАНАСЫНДАҒЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ АЯҚТАЛҒАН

«АСЫҚАТА» АУРУХАНАСЫНДАҒЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ АЯҚТАЛҒАН
«АСЫҚАТА» АУРУХАНАСЫНДАҒЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ АЯҚТАЛҒАН
 
Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды нысанда күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
 
Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымдарын жаңғырту жұмыстары ерекше бақылауда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірдегі құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзіміне айрықша мән берілуде.
 
Осы бағыттағы жұмыстардың барысын зерделеу мақсатында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Асықата кентіне барып, «Асықата» аудандық ауруханасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Аудан басшысы құрылыс алаңын аралап, жауапты мекеме өкілдерімен жұмыстың орындалу барысын талқылады.
 
Жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар берген аудан әкімі нысандағы құрылыс жұмыстарының сапасы мен қарқыны тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін айтты.
 
«Нысанның күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақтылы аяқталуы – тұрғындарымыздың сапалы қызмет алуы үшін істеліп жатқан жұмыс. Сондықтан, бұл іске барынша жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Мердігерлердің жауапкершілігі жоғары болуы шарт. Біз құрылыс барысын өз бақылауымызда ұстаймыз» деді Серік Үсенұлы.
 
Аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарын былтыр сәуір айында бастаған «РАДИКОН» ЖШС бүгінде нысанның А, Б, В және Г блоктарындағы жұмыстардың шамамен 90 пайызын аяқтаған.
 
Жалпы конкурстық құны 1 млрд 870,8 млн теңгені құрайтын жоба аясында медициналық мекеменің материалдық-техникалық және инфрақұрылымдық жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда.
 
Жөндеу аяқталғаннан кейін ауруханада жаңа қабылдау бөлімі іске қосылып, медициналық кабинеттер мен 241 орынға есептелген бөлімдер жаңартылады. Бұл өз кезегінде ем алушыларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға және медицина мамандары үшін қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
 
Осыдан 41 жыл бұрын салынған денсаулық сақтау нысанына 2010-2012 жылдардан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Сондықтан, қазіргі жаңғырту жұмыстары аурухана ғимаратының жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру тұрғысынан да маңызды.
 
Құрылыс алаңындағы жұмыстардың барысын қорытындылаған аудан әкімі мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуы мен құрылыс сапасы қатаң бақылауда болатынын ескертті. Мердігер мекеме мен жауапты сала басшыларына жұмыстарды келісілген кестеден кешіктірмей, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі