ҚОҒАМ СЕНІМІН НЫҒАЙТУДЫҢ НЕГІЗГІ ТЕТІГІ – ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСТІ КҮШЕЙТУ
Ауданда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік мекемелердегі ашықтық пен заңдылық қағидаттарын нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру, пысықтау мақсатында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен Жетісай ауданы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізіліп, онда атқарылған жұмыстар сараланды, алдағы міндеттер нақтыланды.
Күн тәртібінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жан-жақты қаралды. Алдымен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мырзабек Абишев баяндама жасап, бөлім қызметіндегі ашықтықты қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында қолға алынған іс-шаралар жөнінде мәлімет берді.
Одан кейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов коммуналдық саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, қаржының тиімді әрі ашық игерілуін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын айтты.
Сондай-ақ, Ш.Ділдәбеков ауылдық округі әкімдігі аппаратында жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру, тұрғындармен кері байланысты күшейту бағытында жүзеге асырылған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Комиссия мүшелері баяндамалар бойынша сауалдарын қойып, өзекті мәселелерді ортаға салды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің тетіктері, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, халықпен кері байланысты нығайту және профилактикалық жұмыстарды күшейту жөнінде ұсыныстар айтылып, оларды іске асыру жолдары талқыланды.
Жиын соңында аудан әкімі Серік Үсенұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелердің ортақ міндеті екенін атап өтті. Әрбір мемлекеттік қызметші заң талаптарын қатаң сақтап, халық сеніміне селкеу түсіретін кез-келген әрекеттің алдын алуға жауапкершілікпен қарауы қажет екенін жеткізді.
«Ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүйелі жүзеге асыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты жалғасын табатын болады» деген аудан әкімі жауапты сала басшылары мен жергілікті атқарушы орган өкілдеріне жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын күшейту, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі