АУДАНДА ЕТ ӨНДІРІСІН АРТТЫРУ МҮМКІНДІКТЕРІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Ауданында ірілі-ұсақты мал бордақылау алаңдарының саны артуының нәтижесінде өңірде ет және сүт өнімдеріне деген тапшылық жоқ.
Жергілікті тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып келе жатқан сондай шаруа қожалықтардың бірі саналатын «Оңалбай ата» шаруа қожалығының қорасында бүгінде 40 бас мүйізді қара бордақылануда. Өндірілген ет өнімдерін негізінен Жетісай мен Мақтаарал аудандарының, Ынтымақ ауылдық округінің тұрғындары тұтынады.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жұмыс кестесі аясында аталмыш қожалықтың жұмысын көріп, кәсіпкермен тілдесті. Оң бағасын берді.
Жылына 80 бас мүйізді қараны бордақылайтын қожалық төрағасы Нұрлан Дінтаев бұл кәсіпті осыдан 5 жыл бұрын қолға алыпты. Бордақыланатын малдың жем-шөбін ауданда әзірлейді.
«Жем-шөпті өзіміздің ауданнан әзірлейтіндіктен шығын да көп кете қоймайды. Малды союдан бөлек қаражат керек болғанда семіртіп те сатамыз. Тапсырысты үйлеріне дейін жеткізіп беретін кездеріміз болады. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңын ұлғайту үшін асыл тұқымды мал басын көбейтуді де жоспарлап отырмыз» дейді қожалық төрағасы.
Айта кетейік, бүгінде ауданда жұмыс істеп тұрған ірілі-ұсақты 58 мал бордақылау алаңдарында 300 басқа жуық жылқы, 380 бас ірі қара, 1500 бас қой бар болса, Ынтымақ ауылдық округінде тіркелген 4 мал бордақылау алаңдарында 50 бас жылқы мен 79 бас мүйізді ірі қара, 200 бас қой есепке алынған.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі