АУДАНДА «ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТАЗАЛЫҚ КҮНІНЕ» ОРАЙ АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ
Бүгін Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық шарасы аясында өткен «Дүниежүзілік тазалық күні» іс-шарасына 1500-ге жуық тұрғын қатысты.
Аудан аумағында қарқынды жүргізілген санитарлық тазалық жұмыстарында елді мекендердің іші мен тұрғындар жиі жүретін демалыс аймақтары, саябақтар мен скверлер, автомобиль жолдарының бойлары мен көппәтерлі тұрғын үйлердің, кәсіпкерлік нысандарының аумақтары тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, шөптері шабылды.
Аудан аумағындағы сауда, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету нысандарының иелеріне санитариялық талаптарды сақтау, іргелес аумақтардың тазалығын қамтамасыз ету, ғимараттардың сыртқы келбетін ретке келтіру, жасыл желектерді күтіп-баптау және заңсыз орналастырылған жарнамаларды жою бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізілді.
Сондай-ақ, сенбілік барысында мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының қызметкерлері, ардагерлер мен аудан жастары, аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері мен кәсіпкерлер өздеріне белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартып, айналаны ретке келтіру, абаттандыру және санитарлық тазалықты сақтау бағытында жұмыстар жүргізді. Мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғауға, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосумен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да оң әсерін тигізеді.
«Таза әрі көрікті аудан – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Әрбір кәсіпкер мен тұрғынның қоршаған ортаға жанашырлығы туған өлкеміздің көркеюіне, тазалығының сақталуына және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға өз үлесін қосады» дейді аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі