АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ АУДАННЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ЖОСПАРЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ АУДАННЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ЖОСПАРЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ АУДАННЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ЖОСПАРЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
 
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралып, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, спорт, тазалық, тұрғын үй, кіріс көздерін арттыру мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жөніндегі жұмыстардың барысы талқыланды.
 
Алдымен ағын суды үнемдеу технологияларын енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, өзекті мәселелерін баяндаған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сұңғат Амангельдиев заманауи әрі суды аз қажет ететін технологияларды енгізу жұмыстарының өзектілігін атап өтті.
 
Бұдан кейін аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, бағаға мониторинг жүргізу, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, нарықтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндаса, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев спорт саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар жайында, спорттық инфрақұрылымды дамыту, бұқаралық спортты жандандыру және тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына жағдай жасау бағыттарына тоқталды.
 
Сонымен қатар, мәжілісте «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ұсынылатын жобалар мен өндірістік парктер құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, күзгі жиын-терімге дайындықтың барысы, «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуы мен тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды түгендеуден өткізу, жергілікті бюджеттің кіріс көздерін арттыру, мүмкіндіктерді тиімді пайдалану жұмыстары талқыланды.
 
Күн тәртібінде қаралған негізгі және қосымша мәселелердің әрқайсысы бойынша атқарылған жұмыстар сараланып қана қоймай, алдағы кезеңнің басым бағыттары да айқындалды. Жүйелі жұмыс жүргізу – ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған ортақ міндет екені атап өтілді. Жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, орындалуы бақылауға алынды.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі