АУДАНДА «КҮЗДІ ТАЗА ҚАРСЫ АЛАЙЫҚ» АЙДАРЫМЕН АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ

АУДАНДА «КҮЗДІ ТАЗА ҚАРСЫ АЛАЙЫҚ» АЙДАРЫМЕН АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ
АУДАНДА «КҮЗДІ ТАЗА ҚАРСЫ АЛАЙЫҚ» АЙДАРЫМЕН АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ
 
Жетісай ауданында қоршаған ортаның тазалығын сақтау, қоғамдық орындарды абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында бүгін «Күзді таза қарсы алайық» айдарымен ауқымды сенбілік өтті.
 
Сенбілікке аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бастаған мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сәкен Досымов пен мәслихат депутаттары, белсенді жастар, қаладағы білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері қатысты.
 
Тазалық жұмыстарының негізгі бөлігі Жетісай қаласындағы орталық саябақта жүргізілді. Қатысушылар саябақ аумағындағы шөптерді шауып, ретсіз шашылған қоқыстарды жинады. Арнайы көліктерге тиеп, белгіленген полигондарға шығарды.
 
«Таза Қазақстан» жалпыхалықтық шарасы аясында аудан аумағында тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан тазалық жұмыстарына жетісайлықтардың бір кісідей атсалысуы – тазалықтың тек жекелеген мекемелердің емес, баршаға ортақ міндет екенін көрсетіп отыр. Әсіресе, жастардың белсенділігі қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
 
Сенбілік барысында аудан өнерпаздары да қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, концерттік бағдарлама ұсынды. Әуезді әндер орындалып, өнерпаздар тарапынан шашу шашылды.
 
Тазалық – күнделікті мәдениеттің көрінісі. Сондықтан, мұндай шаралар қоғамдық орындардың көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындарды туған жерге жанашырлықпен қарауға, табиғатты аялауға және ортақ іске белсенді араласуға үндейді.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі