ЖЕТІСАЙЛЫҚ СПОРТШЫ ТӨРТ ДҮРКІН ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

ЖЕТІСАЙЛЫҚ СПОРТШЫ ТӨРТ ДҮРКІН ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
ЖЕТІСАЙЛЫҚ СПОРТШЫ ТӨРТ ДҮРКІН ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
 
Жетісай ауданының спорт саласындағы тағы бір өкілі биік белесті бағындырып, ел мерейін үстем етті. 4-7 қыркүйек күндері Жетісу облысының Талдықорған қаласында пара үстел теннисінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
 
Байрақты бәсекеге еліміздің 15 өңірінен 100-ден астам спортшы қатысып, шеберліктерін ортаға салды. Ел чемпионатында Түркістан облысының намысын қорғаған Қазақстан пара үстел теннисі құрамасының мүшесі, облыс құрамасының капитаны, «Жетісай спорт клубының» білікті жаттықтырушысы Мақсат Мүсірұлы Қыдырша бірнеше жүлдеге қол жеткізді.
 
Жекелей сында қарсыластарынан басым түсіп, І орын иеленген жерлесіміз жұптық және аралас жұптық сайыстарда да үздіктер қатарынан көрініп, екі ІІІ орынға ие болды. Бұл – спортшының жеке шеберлігімен қатар, елдік додаларда Түркістан облысының спорттық әлеуетін танытқан маңызды нәтиже.
 
Жарыстан кейін Мақсат Қыдырша үстел теннисінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұржан Көрпетаевты еске алуға арналған пара үстел теннисінен республикалық турнирдің абсолюттік сайысына қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді.
 
Осылайша, жерлесіміз пара үстел теннисінен Қазақстан Республикасының жастар арасында төрт дүркін, ересектер арасында да төрт дүркін чемпионы атанды.
 
Жерлесіміздің бұл жеңісі – Жетісайдағы бұқаралық және кәсіби спортты дамыту бағытындағы жұмыстардың нәтижесін көрсететін жарқын жетістіктердің бірі. Білікті спортшы әрі жаттықтырушының толағай табысы жас спортшыларға үлгі болып, ауданымызда пара спорттың дамуына жаңа серпін береді.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі