ТАЗАЛЫҚ – ОРТАҚ МӘДЕНИЕТ, ТӘРТІП – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық шарасы қоршаған ортаны қорғау ғана емес, қоғамда тазалық пен ұқыптылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды іске айналды.
Аталмыш бастама аясында бүгін Жетісай ауданында кезекті ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, аудан аумағын абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Тазалық жұмыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, белсенді жастар мен қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтын азаматтар атсалысты.
Ауданның кіреберісінен басталған жұмыстар автомобиль жолдарының бойын, елді мекенішілік көшелерді, саябақтар мен скверлерді, сондай-ақ, тұрғындар көп шоғырланатын қоғамдық орындарды қамтыды.
Сенбілік барысында әр азамат өзіне тиесілі аумақтың тазалығына жауапкершілікпен қарады. Тұрғындар үй іргесіндегі аумақтарды ретке келтірсе, кәсіпкерлер өз нысандарына жапсарлас 5 метр аумақтағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аудан аумағының тазалығы тек сенбілік өткізумен шектелмейтіні белгілі. Осыған байланысты шара соңында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бастаған құқық қорғау органдары мен коммуналдық сала қызметкерлері жол бойындағы елді мекендер мен Асықата кентін аралап, санитарлық талаптардың сақталуын зерделеді. Ретсіз сауда нүктелерінің иелеріне және азаматтарға қолданыстағы талаптарды түсіндіріп, қоғамдық орындарда тазалық сақтау, белгіленбеген орындарға сауда нүктелерін орналастырмау және абаттандыру ережелерін бұзбау жөнінде ескерту жұмыстарын жүргізді.
Ауданда тазалық мәселесіне жүйелі түрде көңіл бөлінуінің нәтижесінде биылғы жылдың 8 айында 31 сенбілік ұйымдастырылып, 292 тонна қатты тұрмыстық қалдық арнайы орындарға шығарылған. Заң талаптарына бағынбай, тазалықты сақтамаған 25 тұлғаға ӘҚБтК-нің 434-2-бабымен, 72 тұлғаға 505-бабымен, 9 тұлғаға 306-бабының 1-тармағымен хаттама толтырылып, айыппұл салынған.
«Таза әрі көрікті аудан қалыптастыру – бір ғана мекеменің немесе белгілі бір сала мамандарының міндеті емес. Бұл – тұрғындардан бастап кәсіпкерлер мен барлық ұйымдарға дейін ортақ жауапкершілік жүктейтін маңызды іс» дейді аудан басшысы.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі